26 тамыз күні Қазан қаласында Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының гастрольдік бағдарламасы аясында Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті. Қойылым Мұса Жәлел атындағы Татар мемлекеттік академиялық опера және балет театрының сахнасында қойылды.
Гастроль Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналды. Іс-шара Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Татарстан Республикасы Мәдениет министрлігінің және Қазақстан Республикасының Қазандағы Бас консулдығының қолдауымен жүзеге асты.
Абай атындағы театр тәуелсіздік жылдарынан бері Қазанға алғаш рет гастрольдік сапармен келді. Ұжым құрамында әйгілі сахна шеберлері, оркестр, хор, балет әртістері және техникалық мамандар бар. Барлығы 250-ге жуық адам қатысып, 16 тоннадан астам бірегей декорация мен костюмдер жеткізілді.
Басты партияларды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлзат Дәуірбаева мен Болат Бүкенов, сондай-ақ жетекші солистер Оксана Давыденко, Мақсат Саматов және Евгений Шагаров орындады. Қойылымды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы ҚазҰТОБ бас дирижері Нұржан Байбусинов басқарды. Ол 18 жылдан бері Қазан опера театрында да дирижерлік етіп келеді.
Қазан қаласында қойылымға ерекше қызығушылық танытылды. Қаладағы негізгі орындарда жарнамалық баннерлер мен бейнероликтер орналастырылып, премьера күні зал толық толды. Барлық билеттер алдын ала сатылып кеткен.
Операның оқиғасы Алтын Орданың құрылу кезеңіне негізделген. Басты кейіпкер — Жошы ханның үшінші жары, болашақ ұлы хан Беркенің анасы Хан Сұлтан. Ол саяси көрегендігі және қайраткерлік болмысымен тарихта айрықша із қалдырған тұлға ретінде бейнеленеді.
Қойылымның ғылыми кеңесшілері қатарында тарихшы ғалымдар Ильнур Миргалиев, Ильяс Кемалоғлу және Нұрлан Атығаев болды. Жобаның авторы — Айнұр Көпбасарова. Либретто драматург Алмас Нүсіптің шығармасы негізінде жазылып, Маралтай Ыбыраевтың сахналық нұсқасында ұсынылды.
Операның режиссері — Италиядан келген Давиде Ливерморе. Ол әлемдік опера сахнасында әйгілі әншілермен және режиссерлермен жұмыс істеген тәжірибелі маман.
Қойылым классикалық опера жанрында жазылғанымен, заманауи технологиялар кеңінен қолданылды. Бейнемазмұн мен сахналық шешімдер көрерменге жаңа әсер сыйлады.