Qazyr.kz порталы
АймақҚазірэкономика

Қорғаста Қытай мен Орталық Азия елдерінің халықаралық көрмесі өтті

4-6 шілде аралығында Қорғас халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығында Қытай мен Орталық Азия мемлекеттерінің сауда-экономикалық байланысын нығайтуға бағытталған халықаралық көрме ұйымдастырылды. Үш күнге созылған ЭКСПО-ға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Қытайдан жүздеген ірі компания қатысты деп хабарлайды Qazyr.kz

Көрме аясында қатысушылар өз өнімдерін таныстырып, жаңа инвестициялық жобаларды ұсынды. Іс-шараның басты мақсаты – мемлекетаралық сауда байланыстарын күшейту және аймақтық нарыққа инвестиция тарту.

Алматы облысы Кәсіпкерлерді қолдау палатасының бөлім басшысы Бекзат Бөшен көрменің маңыздылығын атап өтіп: «ЭКСПО-ға қатысуымыздың басты мақсаты – өңірге инвесторларды тартып, өндіріс орындарына қажетті құрал-жабдықтарды жеткізуге қолдау көрсету», – деді.

Көрмеге Қытайдан 300-ге жуық кәсіпорын келсе, Орталық Азия елдерінен 40-тан аса компания өз өнімдерін әкелді. Робототехникадан бастап ауыр техника, тоқыма өнімдері, азық-түлік пен туризм саласына дейін әртүрлі бағыттағы тауарлар ұсынылды. Қазақ кәсіпкерлері де ұлттық өнімдерімізді таныстырып, құрғақ саумал мен бие сүтін экспорттауды көздеп отыр.

Отандық кәсіпкер Дархан Бекмағамбетов: «Бие сүтінің құрғақ ұнтағы Қытайда кең танымал емес. Сол себепті көрмеде бие сүтін халыққа таныстырып, жаңа нарыққа шығуды көздеп отырмыз», – деді.

Халықаралық көрме үш негізгі бағытқа – инвестициялық ынтымақтастық, өнімдер көрмесі және трансшекаралық логистикаға арналды. Шара аясында жиырмадан астам форум мен іскерлік кездесу өтіп, бірнеше маңызды халықаралық меморандумға қол қойылды.

«Еуразия» халықаралық көрмелері бойынша Синьцзян компаниясы бас директорының орынбасары Ван Юй көрме аумағын алдағы уақытта кеңейту жоспарланып отырғанын атап өтті: «Биылғы көрме Қытай мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», – деді ол.

Сонымен қатар, көрме аясында «Көршіңмен бірге – Қорғас кубогы» атты қысқаметражды бейнероликтер байқауы жарияланды. Бұл жоба Қытай мен Қазақстан арасындағы ақпараттық әріптестікті нығайтуды көздейді. Жеңімпаздар желтоқсан айында анықталады, ал басты сыйлық – 50 мың юань.

Қорғас халықаралық көрмесі аймақ елдерінің өзара әріптестігін дамытып, жаңа нарықтарды игеруге тың серпін бермек.

 

 

 

 

Ұқсас жаңалықтар

Президент әйелдердің құқықтарымен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заңдарға қол қойды

redaktor_qazyr

Таяу Шығыстағы шиеленіс бәсеңдеді: мұнай арзандап, акциялар құны өсті

admin_qazyr

Бұдан былай Қазақстанда жедел жәрдем қызметі сағат 18.00-ге дейін ғана жұмыс істеуі мүмкін

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz