«Кремльдің құйтырқылығы: Ресей Орталық Азияны толық зерттейтін орталық құрды»,- QAZYR.KZ Mezgil.kz — ке сілтеп.
Ресей Орталық Азияны уысынан жіберуді қаламайды. Осы мақсатта түрлі форматтағы байланысты арттырып, сан түрлі шартпен, сан түрлі ұйыммен әріптестікті арттыруда. Орталық Азия елдерінің кейбірімен экономикалық және әскери ұйымдар арқылы бір одақта болса, енді бір елдермен мемлекетаралық келісімдер жасасқан.
Соңғы уақытта Орталық Азия елдері Ресейден алшақтауға әрекет жасауда. Ол бірқатар әрекеттен көрінеді. Мысалы Қазақстан латын әліпбиі негізіндегі алфавит жасап, тарихты түгендеуге тырысуда. Өзбекстан Батыс елдерімен әріптестікті арттыруға тырысуда, ал Түркіменстан Еуропамен газ байланысын көбейтті. Бұл Мәскеу тарапынан Орталық Азия елдерін терең зерттеу керек деген тұжырым туындатуда.
Күні кеше ғана Ресейдегі Заманауи Азия және Қытай институты жанында Орталық Азияны зерттеу орталығы ашылды. Аталмыш орталық Ресей президенті әкімшілігінің бастамасымен құрылған. Орталықтың негізгі мақсаты Орталық Азияның, Ауғанстан мен Пәкістанның саясатын, экономикасын, халықаралық қатынастағы байланысын және қоғамдағы діни ахуалын, мәдени өзгерістерін зерттеу болып табылады.
«Орталық Азия Еуразия кеңістігі үшін аса маңызды негізгі аймақтың біріне айналды. Бұл аймақта әлемдік державалардың өзара бәсекелестігі мен әріптестігі айқын көрінуде. Ірі жобалар да іске асып, ұсынылуда. Мысалы Еуразиялық Экономикалық Одақ пен «Бір жол – бір белдеу» жобалары іске асуда. Аймақ ШЫҰ-ның негізі болып тұр. Біздің жаңа орталықтың негізгі мақсаты Ресей билігіне, академиялық және кәсіпкерлік кеңістікке Орталық Азиядағы болып жатқан процестерге қатысты өзекті, нақты сараптама беру, ғылыми база құру. Бұл аймақ елдерімен әріптестікті арттыру үшін де қажет», — дейді орталық басшысы Дмитрий Новиков.
Саяси ғылымдардың кандидаты саналатын Дмитрий Новиков: «Біздің орталығымыз Ресейдегі Орталық Азияны зерттейтін көшбасшы орталықтың бірі боларына сенімдіміз. Өзге елдермен әріптестік жасауда сол елге, аймаққа қатысты нақты, өзекті ақпараттың билікте болуы маңызды. Біз Орталық Азия мен Ресей арасындағы әріптестікті арттыру үшін жаңа идеяларды ұсынатын боламыз»,- дейді ол.
Ресей соңғы уақытта Орталық Азияға қатысты ғылыми зерттеуді арттырған. Сарапшылар Кремль аймақтағы ықпалын азайтудан қорқатынын айтуда.