Алғашқы көмек көрсету
Түрлі жағдайларға байланысты тұрмыста да, өндірісте де, кездейсоқ апаттардың салдарынан бейбіт өмірде де кенеттен күйіп қалу оқиғалары кездеседі. Олардың оттан да, будан да, қайнап тұрған судан да, сан алуан химиялық заттардан да (күйдіргіш қышқылдар мен сілтілер тәрізді) болуы мүмкін. Бұрын өзі түгілі, таныстары мұндай қауіп-қатер, қасіретке ұшырап көрмегендіктен, оқыс күйік оқиғасы кезінде көп адамдар абдырап сасып қалады, қандай алғашқы көмек көрсету керектігін білмей уақыт өткізіп алады. Осыған орай біздің бүгінгі әңгімеміз күйік шалғанда көрсетілетін алғашқы көмек, күйікті емдеу, күйік түрлері хақында болмақшы.
Күйіктің түрлері
Негізінен, күйік – жоғары температураның, химиялық заттардың, электр тоғы мен радиоактивті сәуленің зардабынан тіннің зақымдануы. Соған сәйкес, күйіктің басты – басты төрт түрі бар. Олар:
1. Термиялық (жылулық) күйік.
2. Химиялық күйік.
3. Электрлік күйік.
4. Сәулелік күйік.
Адам денесіндегі терісінің, етінің, сүйегінің күйік шалуының мөлшеріне, қауіптілігіне байланысты күйік төрт дәрежелі.
Бірінші дәрежелік күйік. Мұнда тері қызарады, іседі және ауырады. Ешқандай тыртық қалмай, тез жазылып кетеді.
Көрсетілетін көмек: егерде күйіктің орнында басқа жарақат болмаса, күйген теріні таза сумен жуады, зақымданған жерді спирт, арақ немесе әтірмен, әлсіз (сұрғылт көк) марганец қышқылды калий ерітіндісімен сүртеді, стерилденген құрғақ таңғышпен орап тастайды.
Екінші дәрежелік күйік. Оған шалдыққанда, күйген жер қызарады, күлдіреп ісінеді. Күлдіріктердің ішіне су толады. Күйіктің бұл дәрежесінде емдеу мекемелеріне қаралу қажет. Оған дейін сақтық шараларын да қарастырған жөн.
Көрсетілетін көмек: зақымданған жерді стерилденген құрғақ таңғышпен орап немесе стерилденген бинтпен жауып ұстайды. Бұл мақсатқа арнайы пакеттерді пайдаланады. Есте болатын жағдай: күлдіреп тұрған жерді өз бетімен жармайды, кез-келген дәріні жағуға болмайды, үйдегі дәрі-дәрмектерді пайдаланбайды. Өйткені, бұл күйік жарақатын ластайды, содан оны емдеу қиынға түседі. Мұның бәрі күйікті емдеу мекемесіне көрсеткенше жасалатын сақтық шаралары.
Үшінші дәрежелік күйік. Тері ғана емес, оның астындағы тіндер де зақымданып, күйген жер жансызданады.
Көрсетілетін көмек: күйікті дереу емдеу мекемесіне жеткізу, алғашқы медициналық көмек шақыру қажет. Дәрігер емес адамдардың ем қолдануына болмайды.
Төртінші дәрежелік күйік. Мұндайда тін шала күйеді, қараяды.
Көрсетілетін көмек: мүмкіндік болса тездетіп емдеу мекемесіне жеткізген дұрыс.
Алғашқы көмек көрсетілерде
Адам күйіп қалғанда ең бірінші атқарылатын шаралар: күйік дәрежесін, күйдіру көздерін анықтау қажет. Күйік дәрежесі адамның көңіл-күйіне, қиналуына, денсаулығының нәшарлауына, жараның көлемі мен тереңдігіне байланысты белгілі болады.
1. Егерде тері бетінің 10 пайызы күйсе: науқас мазасызданады, тыныс алуы, тамырының соғуы жиілейді, жүрегі айныйды, шөл қысады. Ол бірнеше күннен кейін басылады.Әрине, оны емдеу шаралары жеңілдетеді.
2. Адам денесінің 20 пайызы күйсе: қан қысымы төмендейді, тамыр соғуы нәшарлайды, тынысы тарылады, орталық жүйке жүйесінде өзгерістер туады. Кейде адамның естен тануы (шок) мүмкін. Күйген жерге микроб түссе, адам бойында сепсис ауруы пайда болады. Ол күйік шалған адамның жағдайын одан әрі нәшарлатады.
Алғашқы медициналық көмек көрсетілер алдында күйдіру көзін анықтап, оған себеп болған заттарды дереу жойғаннан соң, адамнан күннің көзін көлеңкелейді. Киімі жанып жатса, сумен сөндіреді, күйген адамды кез келген қалың матаға орайды. Көбінесе, киімі күйген адамдар оттан қашамын деп жүгіріп, жел киіміндегі оттың одан әрі жануына себеп болып, адам одан сайын қатты күйеді. Осы есте болсын. Жалпы, күйген жердің киімін жұлмаламай, ептеп кесіп алады.
Күйікте киім матасы теріге жабысып қалса, оны қайшымен тықырлап қырқып тастайды. Адам денесі химиялық заттардан күйіп қалса, дененің күйген жерін суық сумен 15-20 минут бойы жуады. Қышқыл, сілтіге күйгенде ас содасы ерітіндісіне (стақан суға 1 шай қасық), немесе спирт, марганец қышқылды калий ерітіндісіне (марганцовка) малынған таңғышты орап тастайды. Күйіктің екінші, үшінші, төртінші дәрежесінде науқасты ауруханаға жатқызады, әртүрлі антибиотиктер және глюкоза тәрізді дәрілерді егеді, қан құяды. Бұл кезде күйік шалған адамға дәрумені мол, құнарлы сұйық тамақтар берілуге тиісті.
Денедегі күйік ежептәуір болса, оның ауыр, жеңіліне қарамастан, науқасты шұғыл түрде емдеу мекемесіне жеткізеді. Күйген жерді таңғышпен орауға болмайтын жағдайда зардап шегушіні ақ жаймаға орап, одеялмен қымтап, зембілмен алып барады. Тыныс алу жолдары мен көзі күйіп қалғанда терінің ауыр-жеңіл күйгеніне қарамастантан, емханаға тездетіп апарады.
«Жедел жәрдем» кешіккен жағдайда зардап шегушіге анальгин немесе аллергияға қарсы дәрілерді беруге болады. Және де су, жылы шай, шырын, газсыз минералды су беру қажет. Жалпы ереже бойынша алькогольді ішімдіктерді беруге тыйым салынады. Алғашқы көмек көрсетілгенінде денедегі көпіршіктерді жармайды, қалың таңғыштармен орамайды, мұз баспайды, күйікті қолмен ұстамайды. Мұның бәрі тіндерді өлтіріп, жараның жазылуын қиындатады. Дәрігер келгенге дейінгі көмектің мақсаты күйген жерді ластанудан сақтандыру, микроб түсуден қорғау, ауруды бәсеңдету.
Жедел жәрдемдер
Күйіктің көзін, дәрежесін анықтаудан бастап барлық шаралар жедел жәрдемге жатады. Осы орайда мына жағдайлар, көмек түрлері естеріңізде болсын:
1. Ауыр күйікте адам денесі түгелдей ауырады. Адам денесіндегі барлық ауру ағзалар қиналады. Бұл науқасты қауіпті жағдайға ұшыратуы мүмкін.
2. Күйген адамның қызуы көтеріледі, шөлдейді, тамаққа тәбеті шаппайды, құсады, бүйрегі мен бауырының қызметі бұзылады, жүрек те нәшарлайды. Дене сыртының 10 одан да көп пайызы күйгенде ағзаның өмір сүруге қажетті маңызды қызметтерінің бәрі де бұзылады.
3. Күйік өкпе қабынуымен жиі асқынады. Көлемді тыртықтардың орнында буындар жөнді қимылдамай, илікпей қалады.
4. Күйген адамды дәрігерлік көмек жеткенше орынсыз аудара бермейді.
5. Кейбір дәрігерлер күйік өте қатты болса, науқас қатты қиналса оған не шарап, не арақ беруге болады дейді (Денсаулық журналы, № 6, 2012 жыл).
Алғашқы жәрдемнің кейбір түрлері:
1. Химиялық күйікте дененің күйген жерін суық сумен, ең жақсысы, резеңке түтікпен не құбырдан тоқтаусыз ағызылған сумен жуған дұрыс. Жуу мерзімі 15-20 минут одан да көп уақыт. Су жабысқан химиялық заттарды азайтады, шайып жояды.
2. Күкірт қышқылымен күйгенде де жуады. Сонда ол сумен әрекеттесіп, ыстықты шығарып, азайтады. Су үздіксіз құйылса, жылу реакциясы күшеймейді.
3. Денені жуғаннан соң химиялық заттар сіңген киімді кесіп, шешіп, алып тастайды.
4. Дене қышқылдан күйсе, бейтараптайтын 5 пайыз ерітіндісі бар ауыз суға салынған мата, ал дене сілтіден күйсе, бор қышқылының ерітіндісіне (бір құты суға бір шай қасық бор қышқылын араластырады) немесе сірке судың жеңілдеу (сәл ғана қышқыл) ерітіндісіне салынған матаны басқан жөн. Сосын көрпеге орап, тәтті шай береді, науқастың денесін жылытады.
Күйік шалғандағы халық емі
Күнбағыстың майымен, ара балауызымен. 200 грамм күнбағыс майы мен 20 грамм ара балауызын баяу отта ерітеді, жылы ерітіндіге 1 жұмыртқаның сарысын және 1 ас қасық кілегейді қосады, жақсылап араластырады, әзір болған жақпа майды күйген жерге жағады.
Картоппен. Балғын картопты үккіштен өткізеді, шүберекке салып күйген жерге таңады. Компресті жылыған кезде алып тастайды.
Шаймен. Қара немесе көк шайды қоюлап демдейді, 13-15 градусқа дейінсуытады, күйген жерді бинтпен орай отырып, оған жылы шайды үзбей құяды. Осынау ем 10-12 күнге арналған. Көмегі жақсы.
Асқабақпен. Оны үккіштен өткізіп, күйген жерге таңып қояды. Бұл емді үсік шалғанда да пайдаланады.
Бүрген майымен. Оны күйікке пайдалану да жақсы көмектеседі.
Алоэмен. Жаңа жұлынғаналоэ жапырағының шырынын сығып, күйген жерге тамызады. Екінші жапырағының өзегін алып, күйген жерге дәкемен таңып тастайды.
Зәрмен. Күйікке сол адамның зәрі де жақсы жәрдемдеседі. Бинтті жаңа шыққан зәрге батырып, күйген жерге таңады. Кеуіп кетпеуін қадағалайды.
Күйдіретін қалақаймен (жгучая крапива). Тұнбасын дайындау үшін оны арақпен 1:5 қатынаста жақсылап араластырады да, қоспаны біраз уақыт тұндырып қояды. Дайын тұнбаға бинтті батырып, күйген жерге басады.
Қалақайдың гүлдерінен тұнба жасау үшін 30 грамм қалақай гүліне 1 литр қайнаған су құяды. Үш сағаттай тұндырады. Сосын сүзгіштен өткізеді. Дайын тұнбаны терінің сыртына компресс түрінде пайдаланады.
Зығыр майымен. Бір қасық зығыр майына соншалықты мөлшерде кілегей, бір қасық лимон шырынын, бір жұмыртқаның ақуызын қосады, араластырады. Оны күйіктің үстіне жағып орайды. Мұны күніне 3-4 рет ауыстырып отырады.
Қамыспен. Күйікке қамыс тамырының шырынын жағады, кепкен ұнтағын жара аузына себеді.
Жұмыртқамен. Терінің күйген, ауырған аймақтарына шикі жұмыртқаны жағады. Ол үшін жұмыртқаның ақуызы да, сары уызы да пайдаланыла береді. Жұмыртқаны теріге кеппей жатып, үсті-үстіне жағады. Бұл емді ауру сезімі басылғанша жалғастырып, ауырған жерді жайлап жуады.
Қытай рецепті
Күйіктің үшінші дәрежесінде ашытылған қарбыз шырыны қолданылады. Ол үшін ең бірінші, күйікті салқын физиологиялық ерітіндімен жуып алу қажет. Сосын күйген жерге күніне бірнеше рет қарбыз шырынынан жасалған таңғышты байлайды.
Қарбыз шырынын дайындау: піскен қарбыздың жұмсақ еті мен сөлін таза шыны банкаға құяды, жақсылап араластырады. Аузын мықтап бекітіп, бөлме температурасында 3-4 ай сақтайды. Сосын шырынды сүзіп алады. Біраз уақыттан соң шырын қышқыл дәмге ие болады. Сол кезде шырынға батырылған таңғышты күйген жерге басады. Осы еммен бірінші, екінші дәрежелі күйіктерді 8-9 күнде, үшінші дәрежелі күйікті 18-21 күнде емдеп жазуға болады.
Халық емшісі С.Қалиевтің кеңестерінен:
· 50 грамм араққа каланхоз (тірі ағаш) шырынынан соншама қосып, 10 күн
жабық ыдыста ұстайды. Осы сұйықты күйген жерге жаға берсе сырқат тез оңала бастайды.
· Отқа немесе ыстық суға күйген жағдайда аюбас тікеннің жас тамырын
мыжып, шырынын алады да, үстінен күніне 3-4 рет жағады.
· Жүз грамм тұзсыз сары май, жаңадан алынған бір жұмыртқаның сары
уызымен екеуін қосып араластырады. Тәулігіне бір рет жағады.
· Асқабақтың жұмсақ жерінен жұқалап тіліп, күйіктің үстінен жапсыра
орайды. Осындай әдіспен қырыққабаттың жапырағын да жұмсартып жапсырады. Күніне екі-үш рет ауыстыруға болады.
· Сәбізді үккіштің ұсақ жерінен өткізіп, дәкеге қалыңдау етіп жағып,
күйіктің сыртынан орайды. Әр екі сағат сайын ауыстырып отырады.
· Қырмызы гүлден алып, қайнатып, жылы суымен ісікті жуады. Мұны
сағат сайын қайталауға болады.
· Зәйтүн майына қайнатылып тазартылған дәкені бастырып, күйікке
компресс жасайды. Немесе осындай әдістің үстіне бір ас қасық тазартылған суға бір ас қасық лимон шырынын қосып, дәкенің сыртынан себелеп сіңіреді.
· Эмаль ыдысқа бір құты тұзсыз сары май салып, оған ас қасық басындай
ара ұясынан салып, әбден ерігенше қыздырады. Ақырын қайнаған дәріге жұмыртқаның сары уызын салып араластырады. Осылайша үш жұмыртқаның сары уызы түгел араласады. Дәрі дайын. Оны тоңазытқышта сақтауға болады. Күйген орынға ауық-ауық жағып отырады. 6-7 күнде өз нәтижесін көрсете бастайды.
· Анардың шырынын шамалап тазартылған су қосып күйген орынды
жуады. Үстіне анар қабығының ұнтағын сеуіп қояды. Ол қабыршақтанып қатады да, асты тез жазыла бастайды.
· Бүкіл дене күйгенде бір құты тазартылмаған күнбағыс майына 50 грамм
ара ұясын қосып, жарты сағат су моншасында араластырады. Осыны жылыдай таза дәкеге сіңіріп, күйіктің үстін орайды. Алғашқы күні әр төрт сағат сайын ауыстырады. Келесі күні әр сегіз сағат сайын ауыстырып, үшінші күні тәулік бойына ұстайды. Аурудың беті қайтып, тері тез жетіле бастайды.
· Үпілмәлік майын жағып отырса да күйік тыртықсыз жазылады.
· Ошағанның орта тұсындағы жапырақтарынан алып, ет турағыштан өткізіп,
бір қабат таза дәкемен күйік үстінен орайды. Терінің тез оңалуына ықпал жасайды.
· Ыстық суға күйіп қалған кезде ұлуды (ракушка) ұнтақтап, күйік үстіне
сеуіп қойса, күйік тыртықсыз жазылады.
· Күйіктен дене тесіліп, жараға айналса, ұлудың ұнтағын жара аузына
қалыңдау етіп құйып, сыртын жапсырғышпен жауып, бір аптадан соң ашса, жара бітеле бастайды.