Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Күләш Ахметова — Той бастау

Ақ босаға аттадыңдар сәтті күн,
Сезіп тұрмын сезімдердің пәктігін.
Көктемдегі дариядай тасысын
Көптен күткен қуанышым, шаттығым.

Той-думанға шөлдеп қалған екен ел,
Орындалсын айтыстар мен жеке өнер.
Телқозысын тең әлпештеп бүгін бір
Тебіреніп сөйлесінші әкелер!

Ынтымақсыз өнер алға тарта ма,
Бір көріңдер – тағдыр жүгін арта ма.
Қарақтарын батасымен қолдасын
Қарқарадай кимешекті қарт ана.

Айдай екен айналайын келінім,
Құлағына құйып отыр ел үнін.
Екеуіңнің ел-жұртың бар, далаң бар,
Ақтарсыңдар еңбегі мен сенімін.

Қазақ төрге қадірлісін шығарар,
Қашанғыдан төрге құмар жүдә олар.
Екі жастың басына емес,
Көп нәрсе
Сендерге де байланысты, құдалар!

Келін түсті, жаны – шуақ, ойы – гүл,
Көтерілсін достарыңның бойы бір.
Дастарқанға бар байлығын салатын
Дала көңіл дарқан елдің тойы бұл!

Отырсыңдар берекелі бейнемен,
Осындайда қозғайды екен ойды өлең.
Шаттан, жұртым, екі аққудың тойында,
Ойын-күлкі отаны ғой той деген!

Келін, сенің жолың құтты шамамда,
Назарыңды аударып қой маған да.
Түскен жерің – қадірлі жер, біліп қой,
Тегін емес бетіңді ашқан ағаң да!

Жас жұбайлар, кездессе де не күндер,
Мұқалмаңдар, мұратыңа жетіңдер.
Бір-біріңе дәл бүгінгі сезіммен
Өмір бойы ғашық болып өтіңдер!!!

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасының әнұраны

redaktor_qazyr

Ауғанстанда әйелдерге қоғамдық орындарда сөйлеуге тыйым салды

redaktor_qazyr

Түркия «Орталық Азия» терминін «Түркістан» деп ауыстырады

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz