Qazyr.kz порталы
Руханият

Күз келді

Күз келді

Әсем күйін шертіп күрең Күз келді,
Сап-сары боп дала түгел өзгерді.
Жапырақтай сапырылған көңілдің,
Алай-түлей күйін ешкім сезбеді.

Ақ жауынмен шомылғанда атырап,
Терезеден тұрдым қарап, бақылап.
Тылсым дүние тартып мені өзіне,
Бір керемет… «Ғажайыпқа»-шақырад(ы)

Табиғатпен кеттім бір сәт жымдасып,
Күзгі дала, жаңбырменен сырласып.
Көшкен бұлтпен қауышады бір ару,
Жалаң аяқ, суды кешіп, сыз басып.

Қолын бұлғап көшкен бұлттың соңынан,
Сағынышын ұшырады қолынан.
«Сәлемімді айта бар!…»- деп өтінді,
Хабар күтіп, тосып шықса жолыңнан.

Тартқандай-ақ табиғат саз қобызын,
Сіркіретіп ақ жауынның дауысын.
Бір әсем күй шабыт беріп, қамшылап,
Үдеткендей Жаңбыр-Тұлпар шабысын.

Сарт-сарт тиіп сытырлатып әйнекті,
Күзгі жаңбыр аянбады…Әй, төкті…
Табиғатты жуып-шайып тазалап,
Жаңартқандай…Кең дүние…Жер…Көкті.

Сәуле Шәмшіғали.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Асан қайғы

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz