Qazyr.kz порталы
Руханият

Қызғаныш-күншілдіктің Батырашы

ҚЫЗҒАНЫШ — КҮНШІЛДІКТІҢ БАТЫРАШЫ
(НЕМЕСЕ БІРЕУГЕ)
Бойыңда сынық кесел көгермеген,
Не деген жиіркенішті өлермен ең.
Жұқпалы дерт секілді қызғанышың,
Ғасырлар алмасса да көнермеген.

Көрмейсің ел қуанған жақсылықты,
Көзіңе шел қаптатқан мас қылық-ты.
Жүресің жүректерге жара салып,
Аяусыз басып-жаншып тәтті үмітті.

Күншілдік көкейіңде тұманданған,
Кекшілдік айнымайтын жыландардан.
Қоздаған бақастық пен бақталастық,
Бойыңда бойкүйездей бұлаңдаған.

Ұйқыңды харам ойлар ұрлағанда,
Сыймай-ақ кететіндей бұл ғаламға.
Жаныңды қызғаныштың қызыл иті,
Қанжоса етіп іштей тырнаған ба?…

Көңілді меңдеген дерт астамшылық,
Көре алмай лағыл таңды атқан күліп.
Кезінде арыстарға, өзіңдей боп,
Күншілдер тас атқан ғой жатқан бұғып.

Ылайлы, теріс аққан бұлақ едің,
Биікке беттегенге “құла” дедің.
Өзіңдей іші тарлар мерт етіпті,
Жұлдыздай аққан Ақан Құлагерін.

Қызғаныш — күншілдіктің батырашы,
Асқынған дерт айласын асыратын.
Күңірене шығасың, күліп кіріп,
Несіне бет бердеңді жасырасың?…

Бойдағы қызғаныш пен кесірлігің,
Бұл дертті жүрегіңде өсірді кім?
Жылт еткен жақсылықты көре алмай,
Өксумен өтіп жатыр есіл күнің.

Ізгілік, нығметтің самғауына,
Болмассың енді кесір жалғауына.
Өзіңдей жаннан Тәңір алыстатсын,
Тірліктің тоқсан тоғыз толғауында.

Төккенде сасыған ой запыранын,
Жанымның үсік шалар жапырағын.
Жүректің иман-нұры қорғап жүрсін!
Деп, қана, тәубеме кеп басыламын.

Ұқсас жаңалықтар

Ғабит Мүсірепов

Redaktor Site

Балалық шақ белгісі

Redaktor Site

Еңбек туралы мақал-мәтелдер

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz