Өмірімнің қап-қараңғы түнінде,
Еш не білмес түсім бе, я өңім бе?
Оң менен сол, от пенен су айырмас,
Күшсіз, әлсіз есім білмес күнімде
Құшағыңа алдың, сүйдің сен, анам,
Ренжу жоқ, барлық сөзің: «Жан балам!»
Ыстық — суық, желге күнге тигізбей,
Асырап, сақтап, болдың, анам, баспанам.
Түнде тұрып түн ұйқыңды төрт бөлдің,
Тыныш ұйықтасын деп аз сөйлесіп, аз күлдің.
Ыңырансам, я қарным аш, я тоңған
Екенімді ойламастан тез білдің.
«Жаным — дедің, — қарашығым, құлыным»,
Сүйдің, қыстың, дедің: «Тәтті қылығың!»
Қаз — қаз тұрсам, езу тартсам, құласам,
Я жыласам — бәрі жақты қылығым…
Жаным анам — жібек тілді, ақ көңіл,
Жазу болып, шегер болсам ұзын жол.
Шет жерлерде теріс жолдан сақтарға,
Жан балаңа ақ батаңды бере гөр!…