Qazyr.kz порталы
ӘмбебапРуханият

Мәлім де беймәлім Алаш зиялылары

1. ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНҰЛЫ

Әлихан Бөкейханұлы — Алашорда үкіметінің төрағасы. Қазақтың азаттық жолындағы күрескер көшбасшы. 1866 жылы 25 наурызда Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысында туған. 1886-1890 жылдары Омбы техникумында 1890-1894 жылдары Петербургтегі орман шаруашылығы институтында оқыды. Бірінші Думаның депутаты болып сайланды. 1937 жылы атылған.

2. ЖАҚЫП АҚБАЕВ

Жақып Ақбаев — 1876 жылы Семей облысы Қарқаралы уезі Берікқара болысында туған.1898-1903 жылдары Петербург университетінің заң факультетінде оқып оны алтын медальмен бітірді. 1905 жылғы Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі. Қазақтан шыққан тұңғыш заң магистрі. 1934 жылы атылған.

3. САДЫҚ АМАНЖОЛОВ

Садық Аманжолов — 1885 жылы Жетісу облысы Верный уезі Берiкқара болысында туған. 1902 жылы — Верныйдағы ерлер гимназиясын 1907 жылы — Қазан императорлық университетін бітірген. Жетісу өңіріндегі Алаш қозғалысы жетекшілерінің бірі. 1941 жылы қайтыс болды.

4. ӘЛЖАНОВ ОТЫНШЫ

Әлжанов Отыншы — 1873 жылы Семей облысы Зайсан уезі Нарын болысында туған. 1887-1890 жылдары Омбыда қазақ-орыс гимназиясында 1890-1894 жылдары Омбыда мұғалімдер семинариясында оқыды. Жетісуда құрылған Алаш әскерін басқарды. 1918 жылы қызылдардың қолынан өлтірiлді.

5. АХМЕТ БIРIМЖАНОВ

Ахмет Бiрiмжанов — 1871 жылы Торғай облысы Торғай уезінде туған. 1891 жылы Орынбор гимназиясын 1899 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітірген. 1-ші және 2-ші Думаның депутаты. Торғай облысы қазақ комитетінің мүшесі әртүрлі заң органдарында қызмет атқарған. 1927 жылы Ленинградта қайтыс болды.

6. ХАЛЕЛ ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ

Халел Досмұхамедұлы — 1883 жылы Атырау облысы Қызылқоға ауданында туған. 1894-1902 жылдары Орал әскери реалды училищесінде 1903-1909 жылдары Санкт-Петербург императорлық әскери-медициналық академиясында оқыды. Батыстағы «Алаш-Орда» көсемдерінің бірі. 1939 жылы атылған.

7. ЖАҺАНША ДОСМҰХАМЕДҰЛЫ

Жаһанша Досмұхамедұлы — 1885 жылы Батыс Қазақстан облысы қазіргі Сырым ауданы Бұлдырты ауылында туған. 1899-1904 жылдары Орал әскери реалды училищесінде 1904-1911 жылдары Петербург университетінің заң факультетінде оқыды. Батыс Қазақстандағы Алаш қозғалысы бөлімін басқарды. 1938 жылы атылған.

8. ҒАЛЕЛ ҒАББАСОВ

Ғалел Ғаббасов — 1888 жылы бұрынғы Семей облысы Семей уезі Шаған болысында туған. 1910 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің заң факультетіне оқуға түседі бірақ студенттердің ереуіліне қатысқаны үшін оқудан шығарылды. 1911 жылы Мәскеу университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсіп 1915 жылы университетті алтын медальмен бітірді. Алаш қозғалысының басты тұлғаларының бірі. 1930 жылы тұтқындалып 1931 жылы атылған.

9. ӘЛIМХАН ЕРМЕКОВ

Әлiмхан Ермеков — 1891 жылы қазіргі Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында туған. 1921 жылы Томск технологиялық университетін бітірген. Қазақ жерінің Қазақ автономиясының құрамына қосылуына орасан зор үлес қосты. Қазақ зиялыларының ішінде математикадан профессор атағын бірінші болып қазақ тілінде «Ұлы математикалық бағыт» атты тұңғыш зерттеуді жазған ғалым болды. Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі. 1970 жылы қайтыс болды.

10. БАҚТЫГЕРЕЙ ҚҰЛМАНОВ

Бақтыгерей Құлманов — 1859 жылы қазіргі Атырау облысының Теңіз өңірінде дүниеге келген. 1884-1889 жылдары Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетінде оқып оны үздік бітірді. Магистрлік диссертациясын қорғады. 1-ші және 2-ші Думаның депутаты болды. Батыс Қазақстандағы Алаш қозғалысының негізін салушы «Алаш-Орда» үкіметінің төрағалығына үш үміткердің бірі.

11. МӘМЕТОВ БАЗАРБАЙ

Мәметов Базарбай — 1888 жылы бұрынғы Жетісу облысы Лепсін уезiнде туған. 1900-1911 жылдары Верныйдағы ерлер гимназиясында 1911-1917 жылдары Қазан университетінің заң факультетінде оқыды. Алаш әскерін құруға атсалысып аштыққа ұшырағандарға көмек көрсетті. Бүкілресейлік құрылтай мен Бүкілресейлік мұсылмандар кеңесінің мүшесі болып сайланды. 1946 жылы қайтыс болды.

12. УӘЛИТХАН ТАНАШЕВ

Уәлитхан Танашев — 1887 жылы бұрынғы Бөкей Ордасында туған. 1908 жылы Астрахан гимназиясын 1912 жылы Қазан университетінің заң факультетін бітірген. Батыс Қазақстандағы Алаш қозғалысының бөлімшесін ұйымдастырған көрнекті қайраткерлерінің бірі. Ол 1937 1949 жылдары бірнеше рет тұтқындалып жер аударылғанына тіпті өлім жазасына кесілгеніне қарамастан аман қалды бірақ 1968 жылға дейін өмiр сүрiп Алматыда қайтыс болды.

13. АЙДАРХАН ТҰРЛЫБАЕВ

Айдархан Тұрлыбаев — 1887 жылы Ақмола облысы Көкшетау уезінде туған. 1897 жылы Омбы гимназиясын 1902 жылы Петербург университетінің заң факультетін бітірген. Ол гимназияда және университетте «Алаш» қайраткерлерінің бірі Райымжан Мәрсековпен бірге оқыған. Ақмола облыстық съезінде қазақтар құрылтайын ұйымдастырушы. Ол Ә.Бөкейханов Б.Құлмановпен бірге Алашорда үкіметінің төрағалығына үміткерлердің бірі болды. Революция жылдарында ол халықтың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласты.1-ші Алаш полкін ұйымдастыруға үлес қосқан. 1937 жылы атылған.

14. МҰХАМЕДЖАН ТЫНЫШБАЕВ

Мұхамеджан Тынышбаев — 1879 жылы бұрынғы Жетісу облысы Лепі уезi Мақаншы-Садыр болысында туған. 1889-1900 жылдары Верный қаласындағы ерлер гимназиясында оқып оны алтын медальмен бітірді. 1900-1906 жылдары император Александр I Санкт-Петербург мемлекеттік көлік тасымалдау институтында оқыды. 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен кейін сәуір айында Уақытша үкіметтің шешімімен Ташкентте Түркістан өлкесін басқарудың жергілікті мәселелерін шешу үшін Ташкентте Түркістан комитеті құрылып сонда Мұхамеджан Тынышпаев та қосылды. Түркістан автономиясын құрушылардың бірі. Қазақ-қырғыздарды аштықтан аман алып қалуға орасан зор үлес қосты. Қазақтың тұңғыш теміржолшы инженері тарихшы ғалым. 1938 жылы атылған.

15. МҰСТАФА ШОҚАЙ

Мұстафа Шоқай — 1889 жылы қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданында туған. 1902-1910 жылдары Ташкент гимназиясында 1910-1917 жылдары Петербург университетінің заң факультетінде оқыды. Мемлекеттік Думадағы мұсылмандар фракциясының мүшесі болды. Түркістан автономиясы үкіметінің төрағасы. Өзі эмиграцияда жүрсе де Алаш қозғалысының түпкі мақсаты – біртұтас Түркістан автономиясын құру идеясы үшін күресті жалғастырды. 1941 жылы қайтыс болды.

Автор: Қуаныш Нұрпейсов ( тарихшы)

Ұқсас жаңалықтар

Мазасыз жүрек жырласын

Redaktor Site

Компьютердің пайда болу тарихы

redaktor_qazyr

Моно Лиза туралы дерек

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz