«25 жыл тоқтаусыз мал баққан малшыларды зейнетке ерте шығаруды, мәжіліс депутаты Ардақ Назаров ұсынды.»-деп хабарлайды Qazyr.kz .
21 маусым күні өткен Мәжілістің жалпы отырысында ҚР премьер-министріне жолдаған сауалында депутат Ардақ Назаров:
Бүгінгі мәселені көтеру себебім ауылдағы малшының жағдайы және оның
мәртебесі жайлы болмақ.
Менде ауылдың баласымын, төрт түлік малдың бәрін бақтым. Мал
бағудың машақаты мен қиындығын жақсы білемін.
Қала қазағы кәделеп асқан етімен сыйлы қонағын күтеді. Алайда осы сый-құрметтің артында сонау ауылдағы ағайынның тынымсыз еңбегі, маңдай
тері әрі мал бағудың үлкен жауапкершілігі мол шаруа екенін сезіне бермейді.
Шаруа мен малшының жұмысы ауыр.
Біздің Қазақта: «Балықшы желде, диқан жаңбырда, малшы өлгенде
демалады» деген ата сөзіміз бар.
Жаздың ми қайнатар ыстығы, көктем-күздің жаңбырлы түні мен бүйірден
соққан асау желі, қаһарлы қыстың қырауына қарамастан малды аман сақтау
оның міндеті.Осыны ескере келе малшының мәртебесін көтеру жөнінде бірнеше ұсыныстарым бар:
1. Малшының балаларын балабақшамен қамтамасыз ету. Мектеп жасындағы балаларына жақсы білім алуына жағдай жасап, арнайы интернаттар ашып оқыту қажет.
2. Ұлттық бірыңғай тест тапсырған малшы балаларына арнайы жеңілдіктер
жасалып, Жоғарғы оқу орындарына түсуге гранттар бөлу қажет.
3. Малшының денсаулығы маңызды, сондықтан жылына бір мәрте жанұясымен бірге тегін медициналық тексеруден өткізіп және жылына бір рет
шипажайға демалуға жолдама берілу қажет.
4. Ауыл мен аудан орталықтарында мемлекеттік бағдарламамен салынып жатқан «кол жетімді тұрғын үймен» қамтамасыз ету қажет, бұл жағдай малшының өз өңірінде тұрақтауын қамтамасыз етеді.
5. Малшының зейнетке шығу жасын төмендетуді ұсынамын, мәселен «әскери қызметкер сынды» 25 жыл үзіліссіз мал баққан малшы зейнетке ерте шығу кажет.
6. Бүгінгі таңда малшының еңбегі жұмыс беруші тарапынан бағаланбай жатқанын ескерсек, мемлекеттен «Еңбек» бағдарламасы арқылы белгілі бір пайызда жалақы төленуін қарастыру кажет.
7. Жыл сайын әр өңірден білікті әрі озат малшылар анықталып, мемлекет басшысының қолынан «Еңбек Ері» атағын беруді ұсынамын. Біз бала кезімізде 100 қойдан 176 қозы алған батыр, «Социалистік Еңбек Ері» Жолсейіт Молдасановты, Жазылбек Қуанышбаевты біліп өстік. Өз заманында ол кісілердің қолын алып, жүздесудің өзі мәртебе болатын.Әлихан Асханұлы! Жоғарыдағы айтылған ұсыныстарға бей-жай карамай, жағдайлар жасалса, еңбек ескерілсе, құрметтелсе, малшының мәртебесік өтеріліп, біліктілігі артатын еді.
Өз араларында шабыт алып, малдың басы көбейеді. Малдың басы көбейсе, халықтың әл-ауқаты түзеледі. Кейінгі буын арасынан ата кәсіпке бет бұрушылар мен қызығушылардың саны артады,- деді ұсыныс хатында.