Жұмыс көп біздің жұртта ұнамаған,
Нашар жоқ хорлық көріп жыламаған
Шортандай шабақ жұтқан жалмауыздар
Тексеріп өз ғайыбын сынамаған.
Аяғын файдалы іске бір баспаған
Ұмтылған өлімтікке бір аш таған.
Түйені түгіменен жұтсадағы
Харамнан нәфсі тыйып бір қашпаған.
һәр істі деп білеміз құдай қылған,
Жап-жақсы адамдарды бұлай қылған.
Ләқин һәр кімге алла берді ықтияр
Бәнде өзі тапса керек фиғылынан.
Шықса егәр мыңнан біреу білген болып,
Халықтың файдасына жүрген болып.
Қазақтың һиммәт еткен жан болмады,
Бұларға жәрдем көмек берген болып
Милләтке қызмет етер өнерпаздар,
Фида етер шыбын жанды шаһбаздар.
Жүр ғой деп біздің үшін мұндай болып
Қадірін біле алмады ғақлы аздар.
Мысалы қара халық үріккен қойдай,
Бақпаса кетуші ме еді қасқыр тоймай?
Дәрмен жоқ қолдан келер талпынғанмен
Хафа боп қайғырады бұларды ойлай.
Тәнін, бар, мысалында жаның жоқ боп,
Сырт бүтін, жанып тұрған ішің шоқ боп.
Алмайтын айтқан тілді сорлы қазақ,
Өз обалың өзіне болсын шоқ, шоқ.