Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Мұхтар Шаханов

Өмір рухсыз шалқымасын,
Пенделікке уақыт айтар өкімін.
Мен Зухрамен жарты ғасыр
Және алты ай екі күн,
Бірге ғұмыр кешіппін.
Неге қазір мұң торлап тұр көзімді?
Ұқтым одан жан адамнан ұғынбаған сезімді.
Тағдыр жазған несіп бұл.
Ешкімнен де естімеген іңкәр, асыл сөзімді
Тек Зухрадан есіттім.
Енді бүгін сол күндерден қалды не?
«Жұбайлар бар әңгімесі таусылған,
Ал махаббат таусылмайтын әңгіме!»
Осы қос жол жырыңыздың мағынасы жөнінде,
Сенім жалғап сенімге,
Ой мен сана бірлестігін негізге ап,
Жарысқандай егіз сезім, егіз бақ,
Жаздың әсем, айшуақты кешінде,
Бір түн бойы ой толғасқан сәттеріміз есімде.
О, керемет, арамызда бір таусылмай әңгіме,
Жалғыз тұлпар сырласым боп, қалып қойды ол мәңгіге! —
Деп сыр шертті бірде маған Дінмұхамед Қонаев,
Өз жарына деген дара сағынышы молайып.
«Махаббат ол — екі адамның сезім, пайым биігіне шығуы,
Сол биікте тұрып және бірін-бірі ұғуы.
Тұла бойы ізгіліктен өрілген,
Болмысыма шетсіз-шексіз берілген,
Жаратылған адам еді ол менің ғана бағыма!»
Деп Димекең жанарына жас үйірді тағы да.
Кейде мұңсыз төзімді де,
Шолақ, қызба сезімді де,
Махаббат деп мадақтаймыз, және соған сенеміз.
Тойға ұласқан үйленудің бәрін де,
Жұбайлыққа үйренудің бәрін де,
Нағыз егіз махаббатпен шатастырып келеміз.
Солай ғұмыр кешкен талай әжеміз бен атамыз.
Тіпті ұрпақ өрбітуді махаббат деп жатамыз…
Зор ақырған дауысымен селт еткізер даланы,
Есектер де сүп-сүйкімді қодық туа алады.
Әр жыл сайын бірнеше лақ тудырады текелер,
Теке сезім қандай жеке сезімменен өтелер?
Биік сана жоқ жердегі істің бәрі доғал ғой.
Әрі оларды махаббатпен шатастыру обал ғой.
Иә, махаббат неге жиі айналады елеске,
Талпынғанның бәрі неге шыға алмайды белеске?
Шын махаббат екі дара, екі іңкәр жүректің,
Шырқау сана биігінде жолығуы емес пе?!
Шырқау сана биігінде жан шындығы қалбырап,
Теңін таппай, жалғыз жүрген тұлғалар да бар бірақ…
Өзге тірлік, негізінен, бос еліктеу, алқыныс,
Бірін-бірі қолдау, алдау, ізденіс пен талпыныс.
Сағым қосып сағымға,
Рух даңқының құлдыраған шағында,
Қайсар, шыншыл талпыныстың өзі, әрине, жарқын іс.
Махаббатты мақсат тұту — адами өр салтымыз,
Онсыз біздер жай пендеміз, мүгедекпіз, жартымыз.
Махаббат ол — миллиондардың арманының алаңы,
Әркім оған өз намысын, өз тағдырын салады.
Көп адамның үміттері, талғамдары жаралы,
Сезім, сана шыңдарына кім шарықтай алады?..

«Махаббат тек дара, ұлы адамдарда болады»,
Деген сенім мәңгілікке өзгеріссіз қалады…

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Ақшаңызды жоғалтып алсаңыз не істеу керек?

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz