ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Мәжіліс дәлізінде журналистерге берген сұқбатында Үкімет мұнайдың бір баррелінің құны 50 және 55 долларға дейін төмендеуі ықтимал жағдайға қатысты бірнеше даму сценариін дайындап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұлттық экономика министрі қолдарында үш сценарий бар екенін еске салды: оптимистік, базалық және пессимистік. Қазақстанның бюджеті, негізінен, мұнай кірісі есебінен қалыптасады және бүгінгі таңдағыдай мұнай баррелінің әлемдік бағасы 60 долларға дейін төмендеуі пессимистік сценарийге көшуге мәжбүрлеуде.
«Біз пессимистік сценарийге жақындап қалдық. Онда бір баррель 60 доллар тұрғысында қарастырылған. Біз қазірдің өзінде бюджеттің қандай шығындарын қысқартатынымызды, қайсысын бәрібір қысқартпайтынымызды анық біліп отырмыз. Кеше біз есептеуді бастадық. Менің ойымша, бүгін-ертең баға 55 және 50 доллар болған жағдайға қатысты даму сценариін әзірлеуді аяқтаймыз», — деді Серік Жұманғарин.
Ол мұнай бағасы ары қарай төмендемеуі мүмкін екенін, бірақ кез-келген жағдайға дайын болуымыз керектігін де жеткізді. Премьер-министрдің орынбасары Қазақстан дағдарысты бірнеше рет басынан өткізгенін атап өтті. Мұндай уақытта инфрақұрылымдарды салып, жұмыс орындарын ашу қажет. Үкімет осы аксиомаға баса назар аударады.
«Ұлттық қордың рөлін ұмытпалық. Ол дәл осындай жағдайларда сақтандыру «жастығы» рөлін атқаруы тиіс. Бұған дейін біз оны бірнеше жыл бойы басқа мақсаттарға қолданып келдік әрі бұл ретте дұрыс сынға ұшырадық. Бүгін Салық кодексі бірінші оқылымда мақұлданды. Бұл, ең алдымен, осы сынға жауап. Біз мемлекеттік қаржыны тұрақтандырып, Ұлттық қордан ақша алуды, нысаналы трансферттердің көлемін қысқартуды қалаймыз», — деп атап өтті Серік Жұманғарин.
Бұған дейін Мәжіліс Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдағаны хабарланған.