14.3 C
Шымкент
16-Апрель, 2025
Qazyr.kz порталы
АймақӘмбебапБасты ақпаратЖаңалықтарҚазір

Нұралхан Көшеров Еуропа елдері елшілерімен кездесті

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Еуропаның 20-ға жуық мемлекетінің Қазақстандағы елшілерімен кездесті. «Достық үйі» ғимаратында өткен кездесу барысында Түркістан өңірінің инвестициялық, туристік әлеуеті таныстырылып, байланыстарды нығайту, әріптестік орнату жолдары талқыланды деп хабарлайды Qazyr.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі сілтеме жасап.

Өңір басшысы мәртебелі меймандарға Түркістанның тарихи және экономикалық рөлі туралы айтып берді.

Сіздерді Түркі дүниесінің рухани ордасы, Қазақ хандығының астанасы болған қасиетті Түркістан қаласында қарсы алғаныма қуаныштымын. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Түркістан – еліміздің тарихи-мәдени орталығы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен аймақты дамыту жұмыстары қарқынды жүруде. Батыс пен шығыс арасындағы сауда қатынастары және көптеген тарихи нысандар Түркістанның Орталық Азиядағы инвестициялар мен туризмді тартудың орталығы болу мүмкіндігін ұлғайтады. Қаланың жүрегі – түркі халықтарының рухани көсемі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі. 2018 жылы құрылған Түркістан облысы сауда-экономикалық байланыстар мен өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтудің үлкен әлеуетіне ие. Халық тығыз орналасқандықтан аймақта жұмыс күші, кадрлар жеткілікті. Біздің облыс бизнеске бағытталған. Аймақта 210 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілдері, оның ішінде 160 шетелдік инвестор қатысатын компаниялар жұмыс істейді. 2018 жылдан бастап облысқа 9 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. Оның 63 пайызы – жеке инвестициялар. Инвестициялар өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм, және жаңартылатын энергия көздеріне бағытталуда. Қазіргі уақытта өңірдің қоржынында 110-ға жуық инвестициялық жоба бар. 2025-2028 жылдары 19 мың жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Облыста «TURAN» арнайы экономикалық аймағы және индустриалды аймақтар, өндірістік парк жұмыс істейді. Еуропа кәсіпкерлерімен әріптестік орнатып, жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Кездесуде Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко мен Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ елшісі Алешка Симкич елшілер тобының өңірге сапарының мақсатына тоқталды. Еуроодақ елшісі әріптестікті нығайтуға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Түркістан облысының әлеуеті жоғары екенін атап өтті.

Жүздесу барысында Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Кэти Лич және өзге де елшілер қонақжай Түркістан жұртшылығына, іскерлік байланыс орнатуға ниет білдіріп, мазмұнды кездесу өткізген облыс басшылығына ризашылықтарын білдірді. Түркістан облысының бірнеше туристік нысанын аралаған олар аймақтың туристік әлеуеті, бай тарихы мен шежіресіне қызығушылық танытып, бұл саланы дамыту мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. Сонымен бірге инвестициялық алаңдар, инвесторларға жасалатын мүмкіндіктер туралы сұрақтарын қойып, тиісті мағлұматтар алды.

Еуропаның Ұлыбритания, Польша, Хорватия, Австрия, Болгария, Кипр, Эстония, Германия, Грекия, Венгрия, Швейцария, Латвия, Словакия және өзге де елдерінен келген елшілер мен дипломатия саласының өкілдеріне Түркістан облысы туралы мағлұмат беріліп, әріптестік орнату жолдары пысықталды.

Кездесуден кейін еуропалық елшілер Түркістан маңындағы шағын өндірістік парк пен индустриалды алаңдарды аралап, мүмкіндіктерімен танысты.

 

Ұқсас жаңалықтар

Еуропалық Одақ балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына шектеу енгізуді ұсынды

redaktor_qazyr

Енді Қазақстанда автокөлігіңізді 5 минуттан артық қыздырсаңыз айыппұл төлейсіз

redaktor_qazyr

Таразада екі әйелді өлтіріп кеткен күдікті ұсталды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz