ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің жеделдетілген әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін мемлекеттік басқару жүйесін бюрократиядан арылту бойынша Президент қойған міндеттерді ескере отырып, әділет органдарын дамыту және цифрландыру мәселелері қаралды деп хабарлайды Qazyr.kz.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев жүйені жаңғырту жөніндегі жоспарлары туралы баяндама жасады. Бүгінгі таңда Әділет министрлігі мемлекеттік қызметтің 94 түрін көрсетеді, оның 35-і толық автоматтандырылған. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Премьер-министрге өткен жылы халық 14 млн-нан астам мемлекеттік қызмет алғанын, оның 87,7%-ы электронды форматта болғанын баяндады.
«Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында барлық салада цифрландырудың біртұтас жүйесін құру қажеттігін атап өтті. Бұл жұмыс жаппай жүргізілуде. Әділет органдарын дамыту мен цифрландыру – мемлекеттің, азаматтардың және бизнестің заңды мүдделерін қорғауға бағытталған аса маңызды үдеріс. Осы орайда, жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты. Бұл – бюрократиядан арылтудың негізгі әдістерінің бірі. Сондықтан көрсетілетін қызметтердің жеделдігін, қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін цифрлық технологиялардың әлеуетін түгел пайдалану қажет», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
«Робот – сот орындаушысы» жобасын іске қосу арқылы аталған цифрлық шешімді қолдану нәтижелері қаралды. Мәселен, робот іске қосылған 2024 жылдың тамыз айынан бері 125 мыңнан астам құжат орындалған. Ал, рәсімдерден өту кезінде азаматтар 600 млн теңгеден астам қаражат үнемдеген.
Премьер-министр Әділет министрлігіне атқару құжаттарының оңайлатылған тәртіппен орындауға болатын тізбесін кеңейтуді тапсырды, бұл – сот актілерін орындаудың тиімділігін арттырады.
«Цифрландыру арқылы артық шығындар мен қажетсіз құрылымдарды қысқарту қажет. Нәтижесінде, жалпы мемлекеттік аппараттың тиімділігі артады. Бұл барлық мемлекеттік органға қатысты», — деді Премьер-министр.
Премьер-министр нотариат саласында жүйелі өзгерістер қажет екенін, Жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау шараларының тиімділігін арттыру үшін атқарушылық жазба жасау тетігін жетілдіру керек екенін атап өтті. Сондай-ақ Премьер-министр заң шығару қызметіне қатаң мониторинг жасап, оны үйлестіруді күшейту міндетін қойды. Бұл ретте цифрландыру және бюрократиядан арылту маңызды бағыттар болып қала береді, ұсынылған тәсілдер басқа мемлекеттік органдардың жұмыстарында да қолданылуы керек. Бұл іске кәсіби қауымдастықтарды, IT-компаниялар мен сарапшыларды тарту қажеттігін айтты.