Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Өмір деген

Атқан таңның құзырындай,
Батқан күннің қызылындай.
Тобылғылы қамшысындай,
Сағыныштың тамшысындай
Осы екен ғой Өмір деген.

Ағын судың тұнығындай,
Асыл тастың сынығындай.
Ауырлығы қорғасындай,
Зағип жанның көз жасындай
Осы екен ғой Өмір деген.

Сыр да болған, Жайық болған,
Көрген түстей ғайып болған.
Ғашықтардың ғазалындай,
Түркістанның базарындай
Осы екен ғой Өмір деген.

Қылуеттің есігіндей,
Нәрестенің бесігіндей.
Тобашылдың азабындай,
Тобырлардың мазағындай
Осы екен ғой Өмір деген.

Отырардың күйреуіндей,
Құмырсқаның илеуіндей.
Немеренің таңдайындай,
Ғұламаның маңдайындай
Осы екен ғой Өмір деген.

Аяулының асылындай,
Жәннат жердің жасылындай.
Періштенің құндағындай,
О, дүниенің жұмбағындай
Осы екен ғой Өмір деген.

Жұлдыздардың аққанындай,
Желтоқсанның ақ қарындай.
Теңіз – ойдың орманындай,
Ақындардың арманындай
Осы екен ғой жалған деген,
Осы екен ғой арман деген,
Әттең-ай!

Ұқсас жаңалықтар

Марфуға Айтқожина-Қыздар-ай

Redaktor Site

Асыл арман

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz