Сіздерге бастан кешкен хикаямды айтып бердім. Мұнымен адам қандай қиындыққа кезіксе де, өмірінің қай кезеңінде болса да, кез келген ауыртпалықты жеңе алатынын дәлелдегім келді. Жарық дүниемен қош айтыса жаздаған жерімнен тауып, дәрігерлер мені аман алып қалды. «Енді ешқашан жүре алмайсың» деді. Кәсібімнің бәрі күйіп, күйзеліске түсіп, төсектен әрең тұрған күндерім де болды. Соған қарамастан, өмірімді өзім армандағандай өзгертуге шамам жетті. Сондықтан өзіңізді ақтап әуре болғанша, арманыңыздан алыстатып тұрған кедергінің бәрін еңсеріп, алға қадам басыңыз. Арманыңызға жетпесеңіз, ешбір сылтаумен өзіңізді ақтап ала алмайсыз.
Бір нәрсені түсініп, қабылдауымыз керек: бір адамның қолынан келген іс өзгенің де қолынан келеді, өткені не қазіргі ахуалына қарамастан, кез келген адам өзі қалаған жағдайға жете алады, орындалмайтын арман жоқ. Бәрі тек өмірдің әр саласына жауапкершілікті толық сезінуден және сәтсіздікке өзгені кінәлаудан арылудан басталады. Мойныңыздағы жауапкершілік деңгейі өміріңізді өзгертуге не жаңа бір кезеңге өтуге қажетті күш-қуатыңыздың шама-шарқын анықтайды. Мұнда жауапкершілік пен кінә екеуі бір нәрсе емес екенін түсініп алу керек. Кінә кім кінәлі екенін көрсетсе, ал жауапкершілік жағдайды жақсы жаққа карай кім өзгертетінін көрсетеді. Жол-көлік апатын алайық. Оған жүк көлігінің мас жүргізушісі кінәлі еді, алайда мен жауапкершілікті өз мойныма алып, өмірімді жақсартуына ықпал еттім. Маңыздысы кім кінәлі екені емес, өткенді өткен шақта қалдыру, қазірден бастап өз өміріңді өзің армандағандай етіп қалыптастыру.
Автор: Хал Элрод «Таң шапағаты» кітабынан үзінді