Өмірің өтпеу үшін өкініште!
Біз неге кеш қаламыз, кеш қаламыз,
Шақырған жерге ылғи кеш барамыз.
Көңілін сұрамаймыз тірісінде,
Өлген соң «жақсы адам» деп еске аламыз.
Тірінің жақсылығын елемейміз,
Неліктен қуанышқа бөлемейміз.
Ауыртып жүректерді өлгеннен соң,
Кенеттен соқпай қалды… Неге дейміз?
Қызығын бұл өмірдің кешкен егіз,
Біз қашан жақындарды ескереміз.
Жылы жүз, жылы қабақ таныта біл,
Кетпейді дәл осыдан ештеңеңіз.
Жайбасар халық едік бұрыннан да,
Мешеулеп артта қалдық ғылымнан да.
Бірақта алдымызға жан салмаймыз,
Кемсітіп біреулерге ұрынғанда.
Өзгені сөйтіп жүріп менсінбейміз,
Күлеміз келекелеп, «кемсің» дейміз.
Ізденбей, білім қумай, еңбектенбей,
Бір Алла өзі әкеліп берсін дейміз.
Осыны айтса бетке шамданамыз,
Жаны ашып ақыл айтса арланамыз.
Қап дейміз санды соғып… Барлығында,
Кеткен соң поезд жүріп аңғарамыз.
Бәрібір уақыт шіркін тоқтамайды,
Құяды одан сайын отқа майды.
Жоғалтқан бейқам жүріп асылыңды,
Сен үшін біреу келіп жоқтамайды.
Шыға ма жеміс ағаш дән екпесең,
Алады жау жағадан қам етпесең.
Тірлікте сыйласатын жан қала ма,
Пейілмен өзің жоқты бар етпесең.
Алданбай бір бітпейтін нөпір іске,
Ағайын, құлағың сал өтінішке.
Көңілің жақсылықтан кешікпесін,
Өмірің өтпеу үшін өкініште!
Айбек Қалмағанбетов