Qazyr.kz порталы
Руханият

Он жылдан бері иісі кетпейді ме ?

Сурет: Pixabay.com

Көрші ауылда бір шөпір көкеміз болды . Күні — түні тыным таппайтын , үйде қонғанынан , түзде түнегені көп , колхоздың қара өгіздерінің бірі . Келіп жатқанын , кетіп жатқанын білмейсің , газик машинасы үйдің жанындағы көк теректің көлеңкесінде анда — санда ғана көксау қойдай күрк — күрк жөтеліп тұрады . Көкемнің үйдің шаруасымен , ағайын — туманың той — садақасымен мүлде шаруасы жоқ — ондай қызмет айтылса , «ім, ім» деп тұра қалып , беломорды бұрқ еткізеді , бұрқ еткізеді де кең шалбардың ышқырын бір көтереді , бір көтереді де бөрешкесін маңдайға түсіре «жұмыстан қол тимейд , жеңгең барад», дейді де , дейді де , тақасы екі жағына қисайып қалған бұтын кабинге бір — ақ артып , есікті тарс жауып кете береді . Сол жүргенде көкеміз газигімен ауданға жіберсе де , қалаға жіберсе де , далаға жіберсе де бас тартып көрген емес , арасында өгіз аяңымен жайлау мен қыстақты , пермі — перміні аралап , әндетіп қойып жүргені .

— Кездескен күн есімде ,
Айлы жаздың кешінде ,
Еске сақта , қалқатай — ау ,
Айта берем — ау , несіне .
Көкеміз ертеректе әскерде жүргенде Орал жақтың қөрікті қызын алған деседі , сол қыздың есін осы әнмен алған деседі , кім білсін , рас шығар . Сол сұлу қыздан қазір жеңгемізді көгілдір көздері ғана қалған , күбідей болып семірген , домаланған қара қатын . Жеңгеміз мінезге бай , жадыраған , етегі балаға толған кісі енді . Бесіктен биыл бірі түсіп жатса , екіншісі мініп жатады . Ол үйдегі балалардың санын әлі күнге мен де білмеймін : ақшыл жүзді денелілері көкеме тартқандары да , қара торы көк көздері жеңгемнің несібесі . Көкем оларға есім ойлап бас қатырмайды да , рейстен келгенде бесікте жатқан қара домалаққа бір қарап «ой , танауыңнан айналайын !», дейді , бітті . Керек кезінде шақырғанда да «кім — әй !?», дейді , жақын жердегісі өзі жетіп келеді . Олардың бәрінің есімдерін жеңгем қойған , ол кісі де оған көп бас қатырмайтын сияқты : ер бала болса — ғалиды , қыз бала болса — гүлді қоса салады , болды , жаңа есім дайын !.
Көкем екеуінің дастархан басындағы әңгімесі де қызық енді !. Көкемнің радиосы — жеңгем , ағайын — туманың жаңалығынан бастап , ауыл — аймақтықымен толықтырып , халықаралық жаңалықтармен аяқтайды . Көкемнің жауабы екеу — ақ : жағымды жаңалық болса «дұрыс болған», жағымсыз болса «болмаған екен», дейді де , шоқ самаурынға қайнаған , қою сүт қатқан шәйды тартып қойып , қалың көк жастықты жастанып жата береді . Шоқ самаурын таусылғанда ғана , ары қарай бір аунайды да , «Правда» немесе «Известия» газетін біреуін қолына ала қисаяды . Ай , бірақ , сол көкем жарықтық , сол газеттердің бірінші бетін де оқып үлгермейтін болар — пускачпен қызатын тракторлер құсап сар ете түседі де ұйқыға кетеді .
Көкемнің қалаға немесе аудан орталығына рейске барып келгені балалар үшін кіші — гірім мейрам , енді . Кішілерін бір — бірлеп кабинге тоғытады да , қалғандарын бортқа мінгізіп алады . Жүрер алды кабин ішіндегілерге бір — бірлеп кәмпит — печеньесін беріп , бір дорбасын бортттағыларға береді , береді де , машинасын қыздырып алып :
— Кездескен күн есімде ,
Айлы жаздың кешінде .., ауыл маңындағы көлге тартады . Балалар суға түсіп мәз , көкем бір сүңгіп алады да , сабынданып алып тағы бір сүңгіп , жағада Беломорын бұрқыратып отыра береді .
Көкемнің тағы бір қасиеті кабинінен қызыл арақ арылып көрген емес — арнайы жәшіктің ішінде майлы шүберкке оралып , кем дегенде мойыны қылтиып екеуі жатады . Ол азайса көкемнің «анау түгесіліп қалды ғой » деп дегбірі қашады . Оған жеңгем де үйренген , көрші авталабшік ағайдан әкелген төрт — бес қызылды тор сеткіге салып , кәбинкіге сылқ еткізеді . Бірақ , көкем мас боп машинеден түскен емес , білінбейді — ау , білінбейді .
Бірде көкем , қасында ауылдың жастау жігіті бар , ауданға шығыпты . Анда — санда тоқтамастан қызылды күрешкелеп ішіп келе жатқан екеуді ГАЙ тоқтатыпты . Правасын , путевкасын сұраған гаишник:
— Көке , мынауыңыз не , ішіп алғансыз ба ?, десе , көкем саспастан :
— Гайбала — ау , он жылдан бері иісі кетпейді ме ?,- дейтін көрінеді .
Қасындағысы да :» ақам татпайды ғой , иіс менен болар ?,- десе керек .
— Қойыңызшы , ақа , жүре беріңізші , сізге ем болмас !,- деп гайбала қолын бір — ақ сілтепті .

Ұқсас жаңалықтар

Ар-ұят дегеніміз не?

redaktor_qazyr

Қарт ананың төрт ауыз сөзі

redaktor_qazyr

Мұқағали Мақатаев

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz