Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Оңайгүл Тұржан — Айфон

Біз адамдармыз сын-қамыт көретін
Құлаған сайын шыңдалып келетін.
Қолбала сияқты айфонымыз бар,
Мың шақырымға мың барып келетін.

Сызады өмір қас-қабақты айғыз,
Жаңалықтарды жасқап аттаймыз.
Айфонымыздың тілін білмей қап,
Пернеде кейде сасқалақтаймыз.

Шарттары оның ілініп терең,
Мінез көрсетсе тірі күтпеген.
Абыржимыз кеп қызметкердей,
Бастық алдында бүгіжіктеген.

Дос жоқ жерден де дос табады екен,
Асқаралы екен, астаналы екен.
Байқаймыз, бірақ, енді қарасақ,
Айфондар бізді басқарады екен.

Ояна салып жанды мүсінді,
Арнаймыз оған таңғы күшіңді.
Жоғалтсаң, өзіңді қоса жоғалтар,
Ол сенің тағдырың сынды.

Сол тауып беріп күндігімізді,
Шалқайтып ашар түндігімізді.
Айфондар қазір жоқ болып кетсе,
Қайдан табамыз бір-бірімізді.

Халық ек қаны адал тулаған,
Шетте жүргенді оралту да – арман.
Халықпыз сан мың боздағы кеткен,
Зар шеккендерміз жоғалтулардан.

Ол өткен зарды заманға артамыз,
Ежелден біздің адал-ды ортамыз.
Жоқ іздеп зардап шектік қой, содан,
Жоғалтулардан жаман қорқамыз.

Айфон-ау, саған таңқаламын ғой,
Біз – адам деген аңғалағың ғой.
Аңғалақтардың атынан саған,
Бір өлеңімді арнағаным ғой.

Ұқсас жаңалықтар

Мәскеуді жаулаған хандар

Redaktor Site

Мұхтар Шаханов

Redaktor Site

Егер мені көрсең басып кетпе

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz