Оралдағы «Құс фабрикасы» саяжайының тұрғындары жарықсыз қалып, халық ереуілге шықты.Бұл туралы Qazyr.kz хабарлайды.
Орал қаласындағы «Құс фабрикасы» саяжайының тұрғындары 3 ақпан күні кешкі сағат 19:00 шамасында жаппай ереуілге шықты.
Наразылыққа себеп – ауданның бірнеше күннен бері электр жарығынсыз қалуы. Тұрғындардың айтуынша, электр қуаты үшін төленген қаражат мақсатына жетпеген. Бұрынғы төраға Асылбек Қабесов тұрғындардың төлемдерін өзінің Kaspi шотына аудартып отырған.
— «Қыстың күні үйіміз суық, балалар сабақтан келді. Халық ашынғаннан осында шықты. Бұрынғы төрағаның қарызы жабылмайынша, жарықты қоспаймыз деп отыр. Бұл мәселе неге бұған дейін шешілмеді? Бізде жеке есепшот та жоқ, бәріміз бұрынғы төрағаның шотына немесе контораға барып қолма-қол төлеп жүрдік. Халық қарыз емес!» — дейді тұрғындар.
Ауданда шамамен 2200 үй бар, онда 12 мыңға жуық адам тұрады. Қазіргі уақытта тек жарық емес, жылу мен су да тоқтап қалған. Тұрғындар тиісті мекемелерден мәселені тез арада шешуді талап етуде.