20.3 C
Шымкент
16-Апрель, 2025
Qazyr.kz порталы
ӘлемЖаңалықтарҚазірСаясатэкономика

Ресей экономикасы ауыр стагфляцияның құрсауында қалуы мүмкін

Ақпан айының статистикалық деректеріне сүйенсек, Кремль билігі қаржы мен геосаясаттың арасында тепе-теңдікті жоғалтып, стагфляцияның құрсауында қалуы ықтимал. Несін айтасыз, бүгінде Ресейде инфляция шарықтап (20%), экономикалық өсімнің тоқырап, (0, 2%), мұнай бағасы құлдырап, тоғыз қатынның толғағы қатар келгендей болып тұр.
Ресейдің бүгінгі экономикалық тығырыққа тірелгенін қарапайым халықтың өмірінен де, сыртқы нарықтағы көрсеткіштерден де анық байқауға болады. Қаржы нарығында белгі беретін маңызды сигналдардың бірі – Мосбиржа индексінің соңғы 13 күн қатарынан үздіксіз құлдырауы. Бұл – Ресей экономикасы үшін соғыс майданынан да қауіпті «дипломатиялық инфаркт» десек, артық айтқандық емес. Тарихи параллельді еске алсақ, дәл осындай құбылыс 1998 жылы дефолттың алдында болған. Демек, Кремль әкімшілігі тағы бір рет экономикалық апаттың табалдырығында тұр.
URALS мұнайының бағасы 50-52 доллар деңгейіне түсіп кетуіне жығылғанға жұдырық болып тиюде. Ресей үшін мұнай – тек табыс көзі ғана емес, мемлекетті ұстап тұрған тіреу. Енді сол тіреу майысып, мемлекет аппаратындағы ең нәзік жүйе – қорғаныс саласына дейін әсер етпек. Мұнай бағасының құлдырауы бюджеттің қысқаруы, ал бұл дегеніміз майдандағы сарбаздарға төленетін ақшаның азайып, қару-жарақ пен техника өндіруге бөлінетін қаржының жетіспеушілігі әкеп соғатыны анық. Соғыс машинасының моторы ақшамен жұмыс істейді, ал ол ақша таусылса техника да, стратегия да тоқтайды.
Жуырда ОПЕК елдерінің мұнай өндірісін арттыру туралы шешімі де Ресейдің оң жамбасына келмейтіні анық. Бұл – тек Ресей үшін емес, Қазақстан секілді экспортқа мұнайға тәуелді мемлекеттер үшін де қауіпті жағдай болып тұр. Себебі ұсыныс артса, баға тағы да төмендейді. Демек, экономикалық қиындық тек Мәскеумен шектелмей, Астанаға да жетуі мүмкін. Бірақ Қазақстанның мұнай нарығындағы тәуелсіздігі мен әртараптандыру саясаты әзірге жағдайды тұрақты ұстап тұр.
Ал майдандағы ресейлік сарбаздардың жағдайы ше? Олар үшін әскери қызмет – тек патриоттық парыз емес, табыс көзі. Егер соғысушы жауынгерлерге уәде етілген «соғыс үстемақысы» төленбесе, олардың моральдық-идеологиялық ұстанымы шайқалады. Кремль сарбаздар алдында сенімін жоғалтады. Ал сенімге селкеу түссе, соғыс басқаша өрбуі мүмкін. Кезінде АҚШ Вьетнамнан дәл осы себеппен шегінгенін есімізде.
Қазіргі таңда Ресей Қарулы Күштері үшін қаржылай қамтамасыз етудің қиындауы тек жеңілістің басы ғана емес, соғысушылардың өз үкіметіне деген сенімін жоғалтуына да алып келеді. Бұл – өте қауіпті ішкі дағдарыс. Бір жағынан, фронтта оқ пен от, екінші жағынан банкоматқаға түспеген айлық. Мұндай жағдайда сарбаздарды «әскери рух» емес, «соғыстан қашудың» амалы көбірек ойлантатыны сөзсіз.
Нұрлан Жұмахан

Ұқсас жаңалықтар

Түркістан облысында полицейлер 4500-ден астам жол қозғалысы ережесін бұзушыларды анықтады

redaktor_qazyr

Оңтүстік Африкада қар жауып,1 адам қайтыс болды

redaktor_qazyr

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев: Манипуляцияға жол беруге болмайды

admin_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz