Сурет: qazyr.kz
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?
Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кірермін!
Еңбек, бейнет тарауы
Рақатқа сарқылар.
Қыздырып күннің қарауы
Надандық теңізі тартылар.
Орны отайып көгерер,
Қызығын жайлап ел көрер.
Тұрмыс, тағдыр — бірі де
Бұл мақсаттан бұра алмас;
Қаһарман, Рүстем, Әлі де
Бұрам деп жолда тұра алмас.
Сыланған жардың күлісі,
Алдандырмас бір ісі.
Байлық
Байлық-ай, сенің ызаң өтті-ау маған,
Не қылдым өшігерлік, жаным, саған?
Мені көрсең жирендің, теріс қарап,
Әкеңнің менде құны бардан жаман.
Әлі жаспын, не қылдым өшігетін?
Ойың жоқ, мені есіркеп, өсіретін.
Кедейлікті жіберіп аяқ, қолды
Байлаттың ерік бермей көсілетін.
Сен келсең бар қиыным шешілетін,
Сен жоқта аяқ-қолым кесілетін.
Сенің досың байлардай болып, менде
Күн бар ма көңіл өсіп, есіретін.
Келмесең зарлайтұғын менде хал жоқ,
Баяғы бір қу кедей қолда мал жоқ.
Өмір бойы бейнеттен арылмаған,
Тұрмыстың көк шолағы, жалда-жал жоқ.
Бәрібір сонда-дағы өмір сүрем,
Қалқақтап көп ішінде мен де жүрем.
Артыктығы: тамақ мол, киімі бар,
Бай көрген дүниені мен де көрем.
Ол маған ұстауға емес, көруге бар,
Байлар үшін жаралған қазына мал.
Адам ұлын алалап, бірдей қылмай,
Нағыз жауыз — байлық сен, пейілі тар.
Балалық күн
Балалық, сенен артык күнім бар ма,
Бала күнде бойымда мінім бар ма?
Бәріне жетем деймін, алам деймін,
Жас қиялда тоқталып, тыным бар ма?
Балаға тең көрінер бай мен кедей,
Сүйеді жаксы, жаман, надан демей.
Күнә, сұмдық дегенді ол білмейді,
Айырмасыз ер, әйел бәрі бірдей.
Жақын-алыс деп білмес алалауды,
Аққа жауып жаланы қаралауды.
Өмір, өлім не нәрсе ұжмак, дозақ,
Білмейді бақ, күндеу мен табалауды.
Қайғы, қызық не нәрсе, дәмін білмес,
Байлық, бақыт дегенді көзіне ілмес.
Жақсы, жаман сөздердің парқын айырып,
Не десең де таңданып, құлақ түрмес.
Шіркін-ай, балалық күн, өтесің-ау,
Артыңа қайырылмай-ақ кетесің-ау.
Жігіттікті кәрілік қуып жетіп,
Ажал-дағы, кешікпей жетесің-ау.
Қызықты, тәтті өмір, бітесің-ау,
Алдынан ажал тосып, күтесің-ау:
Туғанда қызықтаған жаңа жанды,
Тумағандай бір күні етесің-ау.