Алматыдағы Сайран көлі жағасында ауқымды экологиялық сенбілік өтті. Іс-шара ел көлемінде қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылды. Мақсат — қала тұрғындары арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне назар аударту. Бұл бастамаға шығармашылық зиялы қауым өкілдері де қолдау көрсетті, деп хабарлайды Qazyr.kz
Сенбіліктің ашылуында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Қалдыбеков сөз сөйлеп, Сайран көлі — қала тұрғындары мен қонақтары үшін табиғат аясында демалып, отбасымен, достарымен уақыт өткізуге арналған жаңарған кеңістік екенін атап өтті.
«Сайран көлі — жаңғыртылған демалыс аймағы. Әрбір алматылық пен қонақ табиғаттың сұлулығын тамашалап, жақсы уақыт өткізе алады», — деді Азамат Қалдыбеков.
Сенбілікке Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткерлері: танымал эстрада әншісі Жұбандық Жексенұлы, театр және кино актерлері Ұлан Нүсіпәлі мен Бақыт Тұшаев, ТҮРКСОЙ жанындағы Түркі мемлекеттері жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қоғам қайраткері Бекнұр Қисықов, алматылық цирк әртістері, Гиннес рекордтар кітабына енген акробаттар Батыр Жанұзақ пен Марлен Маратов және өзге де өнер иелері қатысты.
Акцияға қатысушылардың қатарында ақын Мұратхан Шоқан, театр және кино актрисалары Лиза Серікова мен Камалия Байтлеуова, орындаушылар Тахмина Ашимбекова, Кеңес Әлімжан, Гарифа Игісінова, Димаш Дәулетов, «Жаңа ғасыр» театрының әртістері мен басқа да белгілі өнер өкілдері болды.
Шара барысында Жұбандық Жексенұлы табиғатты сақтау — әрбір азаматтың болашақ алдындағы парызы екенін атап өтті:
«Табиғат — бізге аманат. Осындай әсем жерлердің тазалығын сақтау — болашақ ұрпақ алдындағы борышымыз. Барымызды бағалап, қорғауымыз керек», — деді ол.
Актриса Камалия Байтлеуова мұндай сенбіліктер жиі өткізіліп тұрса деген тілегін білдірді:
«Сайрандағы сенбілік — тек қоқыс жинау ғана емес, қоршаған ортаға деген жауапкершіліктің символы. Осындай бастамалар жиі ұйымдастырылып, Алматыны көркейтуге бейжай қарамайтын азаматтар қатары көбейсе екен», — деді ол.
Өз кезегінде актер Бақыт Тұшаев алматылықтарды табиғатқа жанашырлықпен қарап, сөз жүзінде ғана емес, іс жүзінде үлес қосуға шақырды.
Ал ТҮРКСОЙ жанындағы Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет қаладағы жайлы орта мен қауіпсіз кеңістікті қалыптастыру — әр тұрғынның ортақ міндеті екенін атап өтті:
«Алматыны көркейту мен жайлы өмір сүру ортасын құру — әр азаматтың еңбегінің нәтижесі. Бірігіп қана біз қала экологиясын жақсартып, игілікті істердің нәтижесін сақтай аламыз», — деді Ұлықбек Есдәулет.
Жаппай сенбілікке жасылелдік жастар, волонтерлер мен қауымдастық орталықтарының белсенділері де атсалысты. Жалпы Сайран жағасындағы экосенбілікке 1000-нан астам адам қатысты.
Айта кетейік, дәл осы күні Алматының 8 ауданында жергілікті экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылып, 11 мыңға жуық адам тартылды. Сенбіліктер барысында 275 арнайы техника жұмылдырылып, 1460 текше метрден астам қоқыс шығарылды.