Сені сүйдім:
Сағынумен, аңсаумен, аласұрып,
Еркелетіп, еркем деп баласынып.
Мені сүйдің:
Қасиеттім, қастерлім, киелім деп,
Сенің үшін отқа да күйемін деп.
Сені сүйдім:
Ниеті – ақ, жаны – жайсаң, пейілі – күн,
Сенен көріп анамның мейірімін.
Мені сүйдің:
Аялайтын, қолдайтын, қорғаным деп,
Желден пана жылытар орманым деп.
Сені сүйдім:
Жанарымның мөп-мөлдір қарасы деп,
Жалғасымның болашақ анасы деп.
Мені сүйдің:
Сүйемін деп айтпадың. Дәлелдедің!
Ғұмырымның дәл сендей мәні – Ер дедің!
Сені сүйдім:
Ең әуелі жанымның жылуы деп,
Содан кейін сұлудың сұлуы деп.
Мені сүйдің:
Сенен басқа ешкімді сүймеймін деп,
Сендік шерге сен болып күйреймін деп.
Сүйдім сені:
Алла берген иманның жартысы деп,
Сол рас болса құшаққа балқышы кеп!