Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Серік Сейітман-Менің достарым

Үлкен үміт арқалаған күйімен
Достарымның баршасына сүйінем.
Бір досымның басын сүйем,
Себебі,
Көп мәселе шешіп жүр ол миымен.

Шуағымен нұрға бөлер маңайды
Адал жанмен атар таңым арайлы.
Бір досымның көзін сүйем,
Себебі,
Жер-жаһанға мейірлене қарайды.

Құлағына көзім түссе сұмдықтың,
Дос алдында өзім қашан сыр бүктім?
Бір досымның сөзін сүйем,
Себебі,
Биігінен билік айтты Шындықтың.

Бұл жалғанда десе біреу кім кедей? –
Жауап дайын: Доссыз адам тұл кедей!
Бір досымның жақсы көрем мінезін
Ізгіліктің шамын жаққан үндемей.

Аязда да алға сүйреп арманы,
Біреуінің үсіп қалған бармағы.
Сол досымның қолын сүйем,
Себебі,
Үзік-үзік үміттерді жалғады.

Арсыздарды ардың оты соттасын,
Ар сотына адамизат тоқтасын.
Мен досымның бәрін сүйем,
Себебі,
Адал аспен асырап жүр отбасын.

Бір досымның күлімдеген көзін ұқ!
Бір досымның «Күнім!» деген сөзін ұқ!
Бәрінің де жақсы көрем жүрегін,
Ел біткенге елжірейтін езіліп!

Бөтен оймен шырқын бұзсаң естінің,
Онда,..
Онда, дос емессің,
Кеш, күнім!
Себебі ме? –
Біздің ата-бабамыз
Ақ алмасты Ақиқатпен дос-тұғын!

Ұқсас жаңалықтар

Абай Құнанбайдың қырқыншы қара сөзі

Redaktor Site

Бөгенбай батыр

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz