Qazyr.kz порталы
Руханият

Шәкәрім Құдайбердіұлы – Мақтау мен сөгіс

Біреу сені мақтаса, қуанасың,
Жамандаса, жабырқап суаласың.
Мақтаған кім, сөккен кім – онда ісің жоқ,
Бәрібір сен де елірме дуанасың.

Дос мақтаса, не пайда онан саған,
Дұшпан сөксе, не кемдік көрдің жаман?
Шын сөзбенен мақтаса иә боқтаса,
Мақтау – пайда, зиян ба жамандаған?

Бойда жоқпен мақтаса, яки сөксе,
Қуанбақ, не кейімек өзіңе еп пе?
Ғаділ жүрек, таза ақыл мақтайтұғын,
Солар сөкпес іс қылар жолды көксе.

Дос мақтайды сен жақсы көрмек үшін,
Дұшпан мақтар елірте бермек үшін.
Есептемей есірік елің мақтар,
Көп нені айтса, соны айтып ермек үшін.

Бұл үш мақтау берер ме саған пайда,
Мақтаулыны білерлік адам қайда?
Өзіңнен ілгерілер сүйсінерлік
Жол тап-тағы ақылды солай айда.

Кейде дос та жамандар жоқ нәрсе үшін,
Дұшпан сөгер сыртыңнан қайрап тісін.
Өнері жоқ, өсекшіл ел жамандар,
Өтірік пе, рас па, көрмей ішін.

Келер-кетер зиян жоқ мұнан тағы,
Мін болмайды наданның қорламағы.
Білімділер сөгерлік ісің болса,
Жоғалта бер, айласын ойла-дағы.

Түйіп айтқан талассыз мақтау, боқтау,
Жақсы іске – ындын, зиянға салар тоқтау.
Көп наданның сөзімен құйқылжысаң,
Сен де жында боласың есі жоқтау!

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Ақ бата

Redaktor Site

Әлемдегі ең үлкен жанұя

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz