Солтүстік Арал теңізін сақтап қалу жобасы жаңа қарқынмен жүзеге асуда. Былтыр күзден бастап бүгінгі күнге дейін теңіз айдынына қосымша 1 млрд текше метр су жіберілді. Су ресурстарын ортақ және өзара тиімді пайдалану келісімдері нәтижесінде Орталық Азия елдерінен осы жылдың наурыз айының соңына дейін Солтүстік Аралға 1,6 млрд текше метр су жіберіледі деп хабарлайды Qazyr.kz. ҚР су ресурстары және ирригация министрлігіне сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда Солтүстік Арал теңізіндегі судың жалпы көлемі 22,1 млрд текше метр, су айдынының ауданы 3065 шаршы шақырымға жетті.Солтүстік Арал теңізінің ауданы мен көлемінің ұлғаюы судың минералдануың азайтуға және балықтың 22 түрінің популяциясын қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Жыл сайынғы балық аулау көлемі 8 мың тоннаға жетті.
«Көкарал бөгетін сақтау және Сырдария өзені сағаларын қалпына келтіру» жобасы аяқталуға жақын. Бүгінгі таңда «Тәуір» қорғаныс бөгетін салу, Қарашаланкөлі мен Сырдария өзені арасындағы екі учаскедегі бөгеттер мен «Қарашалан-1» каналын және оның бас құрылысын реконструкциялау жұмысы аяқталды. Жыл соңына дейін Солтүстік Арал теңізін Үлкен Аралдан бөлетін Көкарал бөгетін қайта жаңарту жұмысын аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру Солтүстік Аралдың сақталуына және судың тұздылығын төмендетуге ықпал етеді.
Арал теңізі бассейніндегі аймақты оңалту мақсатында көгалдандыру жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде Үлкен Арал теңізінің тартылған аумағында 4,4 млн көшет отырғызылды.
2021-2024 жылдар аралығында 475 мың гектар жерге тұқым мен көшет отырғызылды. Биыл 428 мың гектарда көгалдандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Осының нәтижесінде 2025 жылдың соңына қарай Арал теңізі табанын көгалдандырудың жалпы көлемі 1,1 млн гектарға жетуге тиіс.
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық ету кезегі Қазақстан Республикасына өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылдың соңына дейін ХАҚҚ Президенті болып сайланды. Қазақстанның 2024-2026 жылдар аралығындағы төрағалығы кезеңінде ХАҚҚ Атқару комитетінің жұмыс жоспары бекітілді. Құжат 10 түрлі бағыт бойынша 40-қа жуық іс-шараны қамтиды.
Президенттің тапсырмаларын іске асыру 2000 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Солтүстік Арал теңізінің су көлемі мен ауданының ұлғаюы судың минералдануын азайтады, бұл оның биологиялық әралуандығын сақтауға көмектеседі және Қызылорда облысының балық шаруашылығының дамуытуға ықпал етеді.
Су үнемдеу технологияларын енгізу және су инфрақұрылымын дамыту Солтүстік Аралға қосымша су көлемін жіберуге мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірдің ауыл шаруашылығын дамытуға көмектеседі.