Спа́рта (көне грекше: Σπάρτη, лат. Sparta) немесе Лакедемон (көне грекше: Λακεδαίμων, лат. Lacedaemon) – ежелгі грек қала-мемлекеті (полис), алғашында Эврот өзенінің алабында (Лаконика аймағы) орналасқан, кейін б.з.б. 6 – 1 ғасырларда Пелопоннестің оңтүстік бөлігін қамтыған. Гомердің “Илиада” шығармасына қарағанда, Спарта Лакониканың ахейялық 12 қауымының бірі. Б.з.б. 12 ғасыр шамасында дорийліктер Пелопоннеске басып кіріп, Спарта қоныстарын қиратты. Археологиялыұ мәліметтер бойынша жаңа дорий қонысы Спарта деген атпен б.з.б. 10 – 9 ғасырларда басқа жерде – Эврот өзеннің жағасында пайда болған. Б.з.б. 8 – 6 ғасырларда Спарта көрші аймақтар: батыста Мессанияны, шығыста Клаурияны жаулап алды. Спартаның барлық жері мемлекеттік меншігіне алынды. Бұл жерлер Спартаның толық құқылы азаматтары – спарталықтарға мұра ретінде пайдалануға берілді. Жерді басыбайлы құлдар – илоттар өң- деді.
Ал Спартаның бұрынғы жергілікті халқы – периэктер (жеке басы ерікті, бірақ саяси құқы жоқ) қолөнермен және саудамен айналысты.
Спарталықтардың өздері жеті жасынан әскери қызметке тартылды. Спартаның саяси құрылысы рулық-тайпалық сипатта болды. Халық жиналысы (апелла) жоғарғы орган саналды. Мемлекетті екі әулеттен (Еврипоний және Ашад) шыққан екі патша басқарды. Олар әскери жасақтарға жетекшілік етіп, бірқатар діни міндеттерді жүзеге асырып отырды, ал ішкі және сыртқы саясаттың аса маңызды мәселелерін ақсақалдар кеңесі (герусия) шешті.