Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Сұлтанмахмұт Торайғыров-Кедейлік

Кедейлік, сен жексұрын, түсің суық,
Іздемес сені адам керек қылып.
Амал жоқ, ықтиярсыз құл қыласың,
Маған салса қасыма келме жуық.

Жанды жеп сен ғой мені арытатын,
Күнің жоқ ат пен асқа жарытатын.
Жыртықтан жылтылдаған жас денемді,
Күнге қақтап, аязға қарытатын.

Жарытпай киер киім, ішер асқа,
Сөктіріп малы барлау надан, насқа.
Жас көңілді қайғымен уландырып,
Сенсің ғой толтыратын көзді жасқа.

Қинайтын жан алғыштай жанды сенсің,
Түсі суық жыланмен бірдей теңсің.
Маған салса кедейлік аты өшкірді,
Дер едім, тұрмастай ғып жерге көмсін.

Бірақ, сен өлмейсің ғой, жаның берік,
Құтқарсаң бар әлемді шыны өліп.
Өлмесең де өлтірем өсе келе,
Жүрмеспін жолдас болып саған еріп.

Талайды осы күні-ақ жүрмін көріп,
Жалқауды қақпалайсың аттай мініп.
Талаптының маңына жоламайсың,
Талаптанып қууға өзімде ерік.

Ұқсас жаңалықтар

Көктем-көңіл

Redaktor Site

Жанна Д’арк кім?

Redaktor Site

Оңайгүл Тұржан — Айфон

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz