QAZYR.KZ: Сұрау белгісі де негізгі екі түрлі мағынада, екі түрлі функцияда қолданылады: біріншіден, сөйлемнің аяқталғандығын білдіріп, оны басқа сөйлемдерден бөліп тұрады, екіншіден сөйлемнің мағыналық жағынан сұраулы екендігін аңғартады. Мысалы: Әлде мені сабаққа жаңа түскен бала деймісің? Бұдан он бес жыл бұрын кім сенің үйіңе ат басын бұрып еді? Ал бүгін бұрған екен, осынша көкуің не? (Ғ.Мұстафин). Нүкте сияқты, сұрау белгісі де сөйлемнің құрылысына қарай қойылмайды.
Сондықтан сұрау белгісі қойылатын сөйлем толымды, толымсыз, жай я құрмалас т.б. болып келе береді. Кейде сөйлем бірыңғай сұраулы ғана болмай, оның үстіне лепті мағынада болуы да мүмкін. Мұндай жағдайда сұрау белгісіне қабаттаса леп белгісі де қойылады, яғни екі түрлі белгі тіркесе қолданылады. Мысалы: – Мұрның құрғыр пысылдаған, не іздеп кетті екен, ә?! – Е, үйтіп жібермек пе едің?! – Бетім-ау, өмірі екеуі шай деспей, келіп, бұнысы несі?! Бұл мысалдағы сөйлемдердің ешқайсысы да таза, жалаң сұрау емес, сұрауға қосымша оларда реніш, кею, таңдану, ашу, кекету бар.
Сондықтан мұндай сөйлемдерден кейін тек сұрау белгісін ғана қою жеткіліксіз. Сұрау белгісінің жоғарыда аталған негізгі екі түрлі функциясымен қатар, кейбір қосымша функциялары да бар. Жазушы біреудің еңбегінен келтірген цитатаның кейбір сөзінен кейін жақша ішіне сұрау белгісін қоятыны болады. Мұндай жағдайда сұрау белгісі автордың цитата иесінің сөзіне түсінбегенін, оның дұрыстығына күмәнданатынын немесе «мұнысы несі» дегенін білдіреді. Мысалы: Екатерина Ивановна отыра қалып, рояльдің баспаларын қос қолдап басып-басып жіберді; онан кейін іле-шала (?) бар пәрменімен тағы басып жіберді. (Т.Ахтанов). Цитата иесінен кейінің әбден тіліміздегі іле-шала деген сөзді іле-шыға теріс қолдануының түсініксіздігін байқату және оның солай бұрмаланып қолдануының дұрыстығына өзінің күмәнданатындығын білдіру үшін, іле-шыға дегеннен кейін жақша ішіне сұрау белгісін қойған.