Таптырмас тәтті мұң боп есіл арман,
Санаға сағым сезім көшіп алған.
Ғашықтық – бір құдірет ғайыптан кеп,
Ғаріптің еркін баурап, есін алған.
Махаббат – бал қосылған заһар деген,
Уынан көзсіз ғашық татар деген.
Махаббат – сезімге мас көңіл құсы,
Жүрмейді ол көпке ілесіп қатарменен.
Ғашықпен тамұққа да енсін мейлі,
Ғашықсыз жұмақ төрін жерсінбейді.
Ғашықтың жүрегінде серт тұрғанда,
Махаббат алтын тақты менсінбейді.
Махаббат – ар-намыс қой тұнып тұрған,
Жолында сүйген жанның жігіт құрбан.
Махаббат – мүсәпірді патша қылып,
Ғашыққа кедейлікті ұмыттырған.
Болса да адамзаттың нәуетегі,
Ғашықтар сүйгеніне тәу етеді.
Махаббат – олжа салу тәсілі емес,
Махаббат – құрбандықтың тәуекелі.
Тірлікте талайлардың тайған бағы,
Серілер сүйгенімен сайрандады.
Махаббат майданында жеңімпаз жоқ,
Шын сүю – мойынсыну майдандағы.