Ақорда келесі дүйсенбіде Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаевты орнынан алып тастау мәселесі бойынша ішкі консультациялар өткізбек. DALA INSIDE дереккөзінің айтуынша, университеттің көрнекті жазушы, қазақ детективінің негізін қалаушы Кемел Тоқаевтың атын дауға араластырып жібергені, осылайша жазушының атына кір келтіргені Сол жағалаудың шамына тиіп отыр. Мемлекет басшысына өзіне қатысты жағымпаздық әрекеттердің жер-жерде көбейіп кетуі мүлде ұнамады және жақын арада осыған орай қатқыл мәлімдеме жасауы мүмкін.
ҚазҰУ екі күн бұрын «Ескі Қазақстандағы» әдетіне басып, Журналистика факультетінің бос аудиториясына Кемел Тоқаевтың атын бергізеді. Ол университеттің өз бастамасы болған. Алайда, шараға келген тәуелсіз БАҚ — «Азаттық радиосы» алдында ректор Түймебаев ұстамсыздық танытып, ол әрекеті ютубта кең таралады. Артынан журналистика факультетінің деканаты «Азаттық радиосына» пікір бергені үшін дәріс оқып жүрген жас мұғалім Дастан Қастайды қудалай бастайды. Нақтырақ айтсақ, деканаттағы хатшы қыз Дастан Қастайға папкадағы делосын әкеліп беріп, «сіз өтпей қалдыңыз, енді сабаққа келмеңіз» деген. Алайда Дастан Қастайдың осы мәселеге қатысты фейсбуктағы жазбасы үлкен резонанс тудырып, іске Жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек араласты.
Мұның бәрі жаңа даудың өршіп, қаптаған сыни материалдардың ішінде Кемел Тоқаевтың аты аталып жатуына алып келді. Осылайша ҚазҰУ ебедейсіз, тұрпайы жағымпаздық әрекетімен керісінше істі насырға шаптырып, биыл 100 жылдық мерейтойы атап өтіліп жатқан зиялы жазушы Кемел Тоқаевтың атын былғап қойды. Онымен қоймай, ҚазҰУ аудиторияның ашылуына Мемлекет басшысы келеді деп ойлап, журфакты әктеу мен сылауға, қабырғаға суреттер салу үшін жоспарланбаған жерден қаржылық шығынға ұшыраған. Онысы Президент келмегендіктен ақыр-аяғында бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау болып шықты.
Келесі аптада Астана барлық өңірлер мен мекемелерге қызметтік құпия белгісі соғылған (ДСП — для служебного пользования) «антижағымпаздық» телеграммасын жібермек. Мұнда жергілікті басшыларға асыра сілтеуге, жағымпаздыққа жол беруге болмайтыны ескертіледі.