Қазақстан, сен қасымда жүресің,
Жолымызға тұрады ылғи гүл өсіп.
Арман атты ақ ордаға кірерде
Алдымыздан ашылады бір есік.
Алдымыздан ашылады бір қақпа
Әрқашанда тұлпарымыз тұр бапта
Қазақ болсаң алыстарға сапар шек,
Қазақ болсаң аттың терін құрғатпа.
Керек отым, кереметім кең далам,
Жастайымнан жадыланғам мен де оған.
Шексіз, шетсіз махаббатым арқылы,
Ерлерім – деп еңселенген елді алам.
Бабында ма жүйрігіңді кел, жүгірт,
Тұяқтарын аяласын жер жібіп.
Қазақстан – әннің әсем жұлдызы
Серкебаев Ермек атты ер жігіт.
Қазақстан көз жетпейтін атырап,
Қызы – сұлу, жігіттері батыр-ақ.
Қазақстан Әлімбаев Мұзафар
Жыр жазатын жастық шақтың отын ап.
Қазақстан – өркенім де ертеңім,
Балаларға көп айтатын ертегім.
Сен болған соң сертке берік серімін,
Сен болған соң сенімдегі еркемін.
Сен болған соң топты бастар серкемін,
Мүйіздерін аялаған ерке күн.
Ақ қайыңның бұтағынан жасалған,
Оттай үнді домбырамды шертемін.
Жағалауда кемем оты жарқылдап,
Қарқындадым,
Көргемін жоқ қалтылдап.
Қалауым да, жалауым да жарасқан
Қазақстан аталатын алтын бақ.
Көрген емен көршімді мен үркітіп,
Мейірімді, пейілімді пір тұтып.
Келгендерді Қазақстан елінен,
Қарсы ап жатыр ерекше бір жұрт күтіп.
Қазақстан әмірші тау, ән далам,
Тоқтар, Талғат ғарыштарға самғаған.
Қазақстан – Роза мен Бибігүл,
Екі бұлбұл ән шырқаудан танбаған.
Биіктерге бастап келер жол бірден,
Тұлпарлары су ішетін мөлдірден.
Қазақстан – Олжас ақын отты арман,
Мұхтар ақын тілдің қамын жеп жүрген.
Бірте-бірте іздегенін тапты өмір,
Алыстардан көрінеді атты өңір.
Бауырлардың басын қосқан бір жерге
Қазақстан – қазақ елі ақ көңіл.
Жаса, өмір, жақсылықты ұстанғыз,
Келешектің гүлдеріне құштармыз.
Ұлы жолға ұл мен қызы аттанған
Біз қазақпыз, біз де Қазақстанбыз.