Түрік тектес түргеш тайпалары VI-ғасырда Тянь-Шань таулы аймақтарын мекендеген, ал VII-ғасырда Жетісудың орталық аймақтарын қоныс еткен. Түргеш тайпалары жөніндегі алғашқы мәліметтер Күлтегін ескерткішінде және Қытай жазба деректерінде кездеседі. Ал түргештердің жеке қағандық болып құрылуы туралы дерек «Тоныкөк” жазуында айтылған. Түргеш қағанаты халқының этникалық құрамы негізінен сары және қара түргеш тайпаларынан тұрған. Шу бойындағы түргештер сары, ал Талас аймағындағы түргештер қара түргештер деп аталған.
Түргеш қағанаты 704–756 жылдар аралығында өмір сүрді. Бұл кезде Жетісу аймағында араб басқыншыларына қарсы күрес жүріп жатқан болатын. Жетісуда Түргеш қағанаты билеушілерінің негізін қалаушы Үшелік-қаған. Оның билік жүргізген кезі – 699–706 жылдар. Ол Жетісудан Батыс түрік билеушісі Бөрішадты қуып, Ташкенттен Турфанға және Бесбалыққа дейін өзінің өкіметін орнатты. Оның басты саяси орталығы – Шу өзені бойындағы Суяб қаласы. Екінші орталығы – Іле өзені бойындағы Күнгүт қаласы. Үшелік елді 20 ұлысқа бөліп, олардың әрқайсысында 7 мыңнан әскер ұстады.
Түргеш қағанатында Үшелік өлгеннен кейін билік оның баласы Сақал-қағанға көшті. Оның ел билеген кезі 706–711 жылдар. Қаған билігі үшін сары және қара түргеш тайпаларының арасында талас-тартыс басталды. Батыста түргештер соғдылармен бірігіп арабтарға қарсы күрес жүргізді. 711 жылы Шығыс түрік қағаны Қапаған Жоңғария жерінде түргештерге соққы беріп, Сырдариядан өтті. 712–713 жылдары арабтарға қарсы түріктер, соғдылар Шаш (Ташкент) қаласы тұрғындары және ферғаналықтар бірігіп күш көрсетті. Мәуеренахрдағы араб иелігіне төніп отырған қауіпті түсінген Күтеиб Шаш қаласын өртеді, 714 жылы ол Испиджабқа шабуыл ұйымдастырды.