Түркістан облысының Созақ ауданында «Оңтүстік Төртқұдық» жобасы аясында жаңа уран өңдейтін зауыт іске қосылды. Жоба қазақстан-француз бірлескен кәсіпорны «КАТКО» тарапынан жүзеге асырылды деп хабарлайды Qazyr.kz
Салтанатты шараға облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Францияның Қазақстандағы елшісі Сильван Гиоге және «Казатомпром» мен «Orano» компанияларының басшылары қатысты.
Жоба жылына 2000 тонна уран өңдеуге мүмкіндік береді. Құны 74,7 млрд теңге болатын зауыт өңір экономикасына серпін беріп, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашты. Аймақ әкімдігі зауытқа қажетті алты мың гектар жер бөліп, инфрақұрылыммен қамтамасыз етті.
«Бұл – Қазақстан атом өнеркәсібі үшін маңызды қадам. Құрылысқа қазақстандық мамандар көптеп тартылып, жоба сапалы іске асты», – деді «Казатомпром» төрағасы Мейіржан Юсупов.
Кәсіпорын өндіріс көлемін жылына 4000 тоннаға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Жоба аясында жолдар, электр желілері мен трансформатор станциясы да салынды.
«КАТКО» бүгінде өңірдегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. Компанияда 1300 адам еңбек етеді, олардың дені – жергілікті тұрғындар.