Тұзы жеңіл адам екенмін. Баяғыдан сондай. Үйдегі бауырларым бірдеңені бүлдіріп қойса, соңында мен кінәлі боп шығатынмын. Біреу үшін таяқ жеп, істемеген тірлігім үшін жазаланып, Құдайдың бұйыртқанына қанағат деп күнім өтіп жатыр. Кейде өзім қатарлас жігіттердің қос-қос машинаны мініп, кешкісін кафе-мейрамхана жағалап жүргенін көргенде «менің осылардан қай жерім кем» деп іштей көңілім түсіп қалатын… Жұрт қатарлы мектепті бітірдік. Ынжықтығымның, көп сөйлемейтін біртоға мінезімнің кесірінен оқуға да түсе алмадым. Үйдегілер де «ақшасын төлейміз ғой, оқысаң оқы» демеді. Содан ауылдың балаларына ілесіп Алматыға жұмысқа кеттім. Сол баяғы құрылыс қой, арматура тоқыдық, монолит құйдық. Ол жақтағы жұмыс біткен соң бригадамен Астанаға кеттік. Қазір міне, төртінші жыл осы жақта жұмыс істеп жатырмын. Таңертеңнен кешке дейін құрылыстан шықпайсың, кейде ақшасы көптеу ғой деп түнгі ауысымға қаласың. Ақша табам деп шапқылап жүргенде үйленетін жасқа да жетіппіз. Үйдегілер «жіберген ақшаларыңды жинап, басын құрап қойдық, енді бір қыз табылса үйлен» деп айта берді. Жігіттер боп пәтер жалдап тұрамыз. жұмыстан сілең қатып келгенде қыз-қырқынға қарайтын шама бар ма, бір күні үйленетін қыз керек деп жанымдағы жолдас балаға айттым. Арамыздағы қыз-қырқынға жақындауы сол еді, жүретін қызы анда-санда келіп, пәтерімізді жинап, дені дұрыс тамақ істеп кететін. «Алмагүлдің подружкасы бар, как раз біздің Шымкент жақтан көшіп келген, сонымен танысып көрсейші» деді. Не керек, сол Алмагүлге төрт айдан соң үйлендім. Ауылға апарып, беташарын, тойын, құдалығын бәрін өткізіп қайттық. Алмагүлдің түп-тамыры Түркістан облысының бір ауылынан екен. Әке-шешесі ақша табамыз, байып кетеміз деген ниетпен ауылдағы үйлерін сатып, Астанаға көшкен. Содан алты жыл дегенде екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіпті. Құдалықта қайын атам «Бізде үш қыз, бала жоқ. Әлімжан да енді біздің баламыз болды. Сондықтан қызымызбен пәтер жалдап шығынданбасын, біздің үйде тұра берсе болады. Келешегі жағдайлары келіп жатса үй алып, бөлек шыға жатар» деді. Ондайды естіген менің әке-шешем қойсын ба, «нең бар пәлен мыңды желге шашып, тұра бер ата-енеңмен бірге. Азанда кетесіңдер, кешке келесіңдер ұйықтау үшін бөлек пәтер не керек» деп қоймай, Алмагүл екеумізді Астанаға жіберді. Содан бері ата-енемнің үйінде тұрып жатырмын. Өз еркімнен тыс «күшік күйеумін». Бір қинайтын нәрсе бар. Қуықтай екі бөлмелі пәтердің бір бөлмесінде атам мен енем жатады. Зал деген үлкен бөлмеде екі балдызым мен әйелім, ал ас үйдің бір бұрышы маған тиген. «Бұлар жас жұбайлар-ау, бірге жатуы тиіс» деген нәрсе үлкендердің миына кіріп шықпайды. Алмагүлге емеурін білдірсем «ұят қой, үйде мамам мен папам бар, қалай сенің қасыңа барып жатам» деп бет-моншағы үзіліп жүр. Ыңғайсызданатын бір нәрсе, екі-үш күнде бір рет ата-енемнің көрпесі бүлкілдейді. Жұп-жұқа қабырғадан «келші бері», «қойшы, шаршап жатырмын» деген әңгімелері анық естіледі. … Ал бізді ойлап жатқан кім бар? Ұлы сөзде ұят жоқ қой, әйелімді аптасына бір моншаға апарып, тірлігімізді сонда тындырып жүрміз. Басқа уақта дөңбекшіп, таңды көзбен атырып шығам. Ата-енем «сыбырласқан» түні ұйқы мүлдем қашады. Мен әйеліммен заңды некеге тұрған ерлі-зайыпты емеспін бе? Осыны ата-енем түсінбейді, түсінсе залды бізге босатып беріп, кішкентай қыздарын ас үйге шығарса болады ғой. Ата-енем жататын бөлменің есігі ашық тұрады. Ең болмаса, ерлі-зайыптылар «ыстық мекенін» күн бата жауып қоймай ма? Мені баласынады-ау деймін. Мен бала емеспін, жиырманың бел ортасындағы бәленің бәрін білетін білдей азаматпын. Тек өз әйеліме қолым жетпей жатқаны болмаса… «Бөлек кетейікші, жұмыстағы балдардың бір бөлмесі бос екен, соларға барып тұрайық» деп қанша айттым. «Пәтер жалдап тұрғанға үйренбегем. Бекерге ақша құртып қайтеміз, ертең босанып қалсам мамам қарасады, осында бола берейік» деп көнбей отыр. Екі бөлмелі пәтерден еншіме асхананың бір бұрышы тиетінін білгенде бұл үйге аяқ баспаған күйі пәтерге шығып кетер ем. Енді бөлек кету туралы айта қалсам енем «ақшаң тасып бара ма, не жетпей жатыр, дайын үй, дайын тамақ, жылы төсектен қашып» деп сөйлеп шығады. Ал менің шыдамым шегіне жетіп тұр. Өз әйеліңді емін-еркін құшақтай алмау да азап екен. Ақыры бөлек пәтерге шығармаса ауылға біржола көшіп кетуден басқа амал жоқ сияқты. Бірақ ол жақтан табыла қоятын жұмыс бар ма, қара шаңырақта ағам мен жеңгем тұрады. Қысқасы, «Үйің болмай, күйің болмас» деген рас екен.