Оу, бойжеткен, бақыт кілтін іздеген,
Болашақ жар, ана, келін – қыз деген,
Мінезіңді көркем етсін мына бір
Иманды ойға негізделген ізгі өлең.
Отау құрсаң, ата-енең мен жарыңның
Оябын тап, орамал да тағынғын,
Дәл өзіңе байланысты алдымен,
Жат-жұртқа кеп ашылуы бағыңның.
Ең алдымен сай бол әдет-ғұрыпқа,
Затың әйел екенін еш ұмытпа,
Үлгересің шығып биік сатыға
Еркегіңнен сәл-пәл төмен тұрып та.
Бұрынғылар салған қара сен ізге,
Екі жаққа тура жолды тең ізде,
Төсек жимай, тек төркіншіл болып ап,
Келген жерге көргенсіз қыз дегізбе.
Бір-біріңді жүрген кезде сынасып,
Күндер өтер көктем күзге ұласып,
Сылдырласа кесе-шәйнек сыр берме,
Жан-жағыңа жүзіңді ылғи жүр ашып.
Ақылды бол, намыс ойла, ар ойла,
Ақылдыда әрі қылық, әрі айла,
Күліп қарсы ал-күйеуің келсе қуанып,
Шаршап келсе–қабағына қарайла.
Сақтағанға аппақ адал некені
Жаратқан да мол жақсылық етеді,
Келіншекке Құдайдан шын сұраған
Қиын емес демде болу бөпелі.
Атанарсың сөйтіп сен де демде ана,
Емес, бірақ, туған жалғыз, сен ғана,
Адамдықтың көрсет өзің үлгісін
Азамат боп өсуі үшін сол бала.
Жақсы бала – әкесіне тартқаны,
Жаман болса – шешеге жүк артқаны,
Еркін өсір, еркінсітпе алайда,
Керек болса айылын қатты тарт, кәні.
Кемшілігін, бетке баспай қатесін,
Еркек сыйлау әйел үшін өте сын,
Жақсы жағын айтып ылғи сыртынан,
Асқар тау қыл балаларыңа әкесін.
Күйттеп жүріп тіршіліктің қу қамын,
Үй-жайыңнан ырыс-құтты қумағын,
Тіл тигізбе ата-енеңе ескермей
Күйеуіңнің дәл солардан туғанын.
Төркінді емес, үйде кәрі, жасты ойлап,
Келін болып жағыну ең басты айғақ,
Күйеуіңнің шотын шабу – міндетің,
Келген жерге судай сіңіп, тастай бат.
Адам Ата, Хауа Анадан тараған
Бір Аллаға сыйынады әр адам,
Есті әйел боп соны білсең Жәннатқа
Кіре аласың есігінен қалаған!