Qazyr.kz порталы
ӘмбебапҚоғам

Ұзақ жылдан соң табыстырған заман

Бүрсең қаққан Жамал ебіл-дебілі шығып әкімшіліктің ғимаратына жетті-ау, әйтеуір. Есік алдында темекі шегіп тұрған күзетші бұған мүсіркей қарап, -Сені, бастық іздеп жүр, қазір келеді, деп қойдым, -деді темекісін рахаттана сорып. –Кеште болса да бітіремін ғой, -деп Жамал ішке кіріп еден жуатын шләбірімен трәпкісін қолына алып, жұмысына кірісіп кетті. Төрт қабат әкімшілік ғимаратын жуып шығу оңай емес. Қолы ербеңдегенмен, ойының бәрі үйінде қалған төрт баласында еді. Шиеттей балаларының алды сегіз жаста болса, одан кейін екі егіз, сосын, ең кенжесі екі жаста. Шуылдап, шұрқырап, «мамалағанда» Жамал байқұс қайсы-біріне қамқор боларын білмей есі кетеді. Құдай қосқан күйеуі Аманқұлы аман болғанда ғой, мұндай күй кешер ме, еді. Ойламаған жерден жол апатына түсіп дүние салғанда жігіттің сұлтаны небары жиырма бес жаста еді. Төрт баласымен сүйген жарын дүние төсіне қалдырып арғы жаққа кете барды. Асыл азаматтың қалдырған жиған-терген ақшасы бір жылға ғана жетті. Жас жесір, алғашында балаларынан шыға алмай, үкіметтің жәрдемақысымен күнелтті. Ақыры, ештеңеге жетпейтін болған соң жұмысқа шығуға тура келді. Айналдырған еден жуған бір жылдың ішінде беттің әсемдігі кетіп, белдің омыртқа сүйектері тайып, бүрсеңдеп қалды. Сонда да, жастық жалынымен ербеңдеп еден жуып жатады. Арасында Аманқұл есіне түссе, көзіне жас алып жылап алады. Ары-бері өтіп жатқан адамдар мұның көз жасын маңдайдан шыққан ащы терге балайды. Бірақ, өзі де сор болған тағдырдың иесі еді. Әкесі бұның жас күнінде істі болып он бес жылға сотталып кетіпті. Содан сол күйі хабарсыз кеткен ғой. Ал, анасы болса, еш туысы жоқ екен, жалғыз қызымен күн кешіп жүргенде ауырып қайтыс болыпты. Содан Жамалды үкімет балалар үйіне қабылдап, сонда тәрбиеленген екен.
Иә, Жамалдың күнделікті амалсыз істейтін бұл жұмысынан өле кетсе де, пейіштің төрінен орын бұйыратын шығар. Өйткені, азаппен өткен өмірдің берекетінің орны пейіште дейді білгіштер. Себебі, тағдырда тартқан азаптары күнәларын жуып-шайып кететін көрінеді. Ырсылдап, төрт қабаттың еденін жуып бола бергені сол еді, бөлім бастығы, -Жамал қызым, жұмысыңды аяқтаған соң кіріп кетші,- деп қызмет бөлмесіне қарай кетті. Жамалдың іші қылп ете қалды. Өйткені, еркек атаулының бәрі жесірге көз салатын. Жүрегі қайтып, тәні жастай суып қалған болатын. Жамал бұл күнде еркек көрсе қашатын халге жеткен. Қазірдің өзінде бөлім бастығының «кіріп кетші» дегенін де не гәп бар. Бұл шақыруы жүрегіне біреу ине сұғып алғандай күйге түсірді. Мұндай «кіріп кетші» дегендерден әбден шаршаған болатын. Тіпті, кірмей жатып өкіріп жылап жібергісі келеді. Сонда да бастық айтқан соң жұмыстан соң бөлмесіне кіру керек.
Бөлім бастығының бөлмесіне аяғының ұшымен кірген жас келіншек, — Ағай, келдім,-деді жаны мұрнының ұшына тіреліп. –А, келе ғой, айналайын, — деген еңселі ер азамат, жасы елуден асқан асқан, ақ шашын артқа қайырып қойып алдындағы орындықты нұсқады. Жамал болса, ақырын барып орындыққа отырды. – Айтайын дегенім, атам қазақ «Жесірімен, жетімін жылатпаған» ғой,- деп бастады сөзінің басын жылулық танытып асықпай сабырлы күйде. Жамал болса, бірден ойға кетті. «Е, кез-келген жасы үлкен азаматтар осындай алтын сөздерімен бастап, ақыры не керек екені белгілі». Бірақ, бұл кісі олай істемеді. – Айналайын Жамал, сенің жағдайыңды жақсы білемін. Қаражаттан да, қысылып жүргеніңді көршілерің келіп айтып кетті. Үйіңнің де тоз-тозығы шығыпты. Бүгін барып көріп келдім. Сондықтан саған айтар жақсы жаңалығым бар. Бір-екі қайырымдылық қорлары ақша бөлді. Үйіңді жабдықтап беретін болады. Ал, мынау менің достарымның саған жинап берген көмегі, өзімде кішігірім тиын-тебен қостым, — деп бір бума ақшаны Жамалға ұсынды. Қаперімде не істерін білмей қалған, Жамал қызарақтап қалды, сосын жылап жіберді. Бар қолынан келгені, -Рахмет ағай! Ақшадан қысылып жүр едім, –деп сан мәрте қайталап айта берді. –Оқасы жоқ, Жамал, жылама айналайын, бәрі жақсы болады,-деп бөлім бастығы жас келіншектің арқасынан қағып жұбатты.
Үйіне қарай құстай ұшқан Жамал жол бойындағы дүкенге соқты. Қажет дегеннің бәрін сатып алды. Сөмкесіндегі тола ақшаны өзінен басқа тірі жан білмейді. Артынып-тартынып, көзіне күлкі үйіріліп, үйге келгенде мұны кездейсоқ сыйлық күтіп тұрған еді. Есіктен кірген бойда аңтарылып тұрды да қалды. Белгісіз біреулер, үйге тола азық-түлік жеткізіп қойыпты. Балаларына ойыншықтар әкеліп беріпті. Судай жаңа жылы киімдермен, тағы басқа да қажетті заттардың бәрі бар. Босаға да тұрып қалған анасын көрген балалары жамырап бас салды. Бірі жылап, екіншісі етекке оралып, «балалы үйдің базары» басталды. Артынша бір қыз келіп, бұл заттарды қайырымдылық қоры сатып әпергенін түсіндіріп, қаржылай да көмек бергенін айтып, қомақты ақша беріп кетті. Жамал да, «Кедей алтын тапса, түйерге түйіншек таппас» дегендей бұл ақшаларды қоятын жер таппай қиналды.
Ертесінде құрылысшылар келді. Әкімшіліктің бұйрығы деп Жамалды балаларымен қосып жатақханаға көшірді. Сосын, бірден үйді түгелдей жабдықтауды бастады. Іші-сыртын сылып тастап, қайтадан сылап, төбесіндегі шатырды да ауыстырды. Мұншама көмектің қалайша жасалып жатқанына таңқалған Жамал, өз-ойымен өзі әлек болды. Ақыры, үйіне қайта келіп кіргенде ішіндегі тарту етілген жихаздарды көріп шалқасынан түсе жаздады. Басқа үйге келгендей болып, өздері түсінбей қалды. Тіпті, есігінің алдындағы қақпаларына дейін ауыстырып тастапты. Мұнтаздай тап-таза үйі, бәрі жақсы. Бірақ, айналдырған бір-екі айдың ішінде өмірінің күрт өзгеріп кеткенін түсіне алмай Жамалдың басы қатты. Алланың көрсетіп жатқан сынағы шығар деп еден жуатын жұмысынан да қол үзбеді.
Бірақ, ойда-жоқта кездейсоқ тағдыр сыйының жұмбағы шешілетін уақыт туды. Ол былай болған еді. Түс кезінде бөлім бастығы Жамалды шақырып алып,, — Мен сеннен жасырған бір сырымды айтайын, сен үйіңе қайта бер. Саған көмектесіп қолұшын берген азамат үйіңе келеді. Тамақ жасап күтіп алуға қамдан. Бара ғой боссың, енді бұдан былай бұл жерде жұмыс істемейтін боласың, -деді. –Ол кім, ағай? Неге жұмыс істемеймін? –деп сұрап көріп еді, – Барған соң көресің, -деп шығарып салды.
Жамалдың іші алай-дүлей, ой құшағында қалды. Кім болуы мүмкін? Не үшін? Өз-өзіне қойылған сауалдары жауапсыз қалып жатты. Тек, кім болса да оны уақыт көрсетеді. Сол уақытты күтуге шыдамы да, таусылып барады.
Үйіне келе салып балаларының тамағын берді. Содан кейін барып қонақ күтуге дайындалды. Үстелдің үстін, не керектің бәріне толтырды. Әрине, өзіне баға жетпес көмегін көрсеткен жұмбақ жанға не қажеттің бәрін беруге даяр еді. Жүрегі дүрсілдеп, жұмбақ адам келмей жатып толқып, қолдары дірілдеп есі шықты. Осылай ша, қатты қобалжып тұрғанында сырттан мәшиненің даусы естілді. Жүгіріп шыққан Жамал қақпаны ашып көзі шарасынан шықты. Қымбат қара түсті көлік қақпаның алдында тұр екен. Екі жағында екі оққағары болса керек, зіңгіттей екі жігіт күзетіп тұр. Бір кезде біреуі көліктің есігін ашып еді, үлкен бір кісі түсті. Көзінде қара көзілдірік, үстінде былғары плащ, аяғында жылтыраған топлиы, бәрі де өзіне жарасып тұр. Жақындап келіп, көзілдірігін алып, — Қалың қалай, қызым? Мен сенің әкең боламын,-деп Жамалды құшақтап алып кемсеңдеп жылап жіберді. Жастайынан жетім өскен жас келіншектің жүрегі қанша тастай болып қатайса да, әкесінің құшағында елжіреп кетті. Екеуі де, «ағыл-тегіл» көз жасымен өткен өмірлерінің қайғы-қасіретін жуып жатты. Әкесі мен қызының табысқаны екеуінің де жан жарасын емдеді.
Әкесінің соншалықты бай болып тұрса да, бір үйді сыйға тарта салмай, қызының тұрмысын жақсарту әрекеті арқылы жүрегіне жылулық сыйлау мақсатында жасалған амалы еді. Қалай болса да, ендігі жерде Жамалды ауқаттылық өмір күтіп тұрды………….

Жанболат Сәрсенбай

Ұқсас жаңалықтар

Бекболат Тілеуханның қарғысына қалған журналист Серік Боқан қайтыс болды

redaktor_qazyr

Жазғы таң

redaktor_qazyr

Арысқа алғашқы қар қашан жауатыны белгілі болды

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Qazyr.kz