Жаным ғашық
Мас қылатын есіме алсам жүз мені,
Ғашық қылған көктем бе еді?
Күз бе еді?
Сезім үшін елеңдеген көңілім,
Сені ғана,
Сені ғана іздеді…
Өмірімнің бұзылатын шырқындай,
Ойлап сені мұңайдым ғой шіркін-ай.
Сыйлық жасап қалар-ау деп бірден ұқ,
Түнгі аспаннан қолды болса бір күні ай.
Бағым менен бақытымсың,тамашам,
Қиялымда елесіңмен жанасам.
Жарқырайды,жымыңдайды жүзіңдей,
Жұлдыздарды армандаумен санасам.
Бұлдырайды Алатаудың етегі,
Үмітім де сағым болып кетеді.
Саған қарай сүйрелейді бағынбай,
Жүректегі махаббаттың жетегі…
Мас қылатын есіме алсам жүз мені,
Ғашық қылған көктем бе еді?
Күз бе еді?
Сезім үшін елеңдеген көңілім,
Сені ғана,
Сені ғана іздеді…
29.04.2020
Біржан Досжан