Qazyr.kz порталы
ӘмбебапБілім

Жаусыз кітап

Жазусыз кітап

Сеземін деп сананың биік күшін,
Мазаландым, өлеңнен құйып мүсін.
Жанарымды байлайды бір ғашықтық,
Бәлкім менің сол ғана, сүйікті ісім,

Таңданумен ой толқын қуалаған,
Тек оқып, білу үшін туады адам.
Көз алдымнан жазусыз кітап көрем,
Оның аты- ғажайып мына ғалам.

Оқимын, мың шуылдан сана безіп,
Тебіренер жүрегім ғана сезіп.
Жылдар бойы, ай күнмен парақтаймын,
Минұттарға мінгесіп, ауа кезіп.

Аспан-оның тәжіндей түпсіз жарық,
Сол жарықтан өлеңім тұстің бе ағып?
Қара жер, сен аман бол! қуат берген,
Болмасын деп тіршілік міскін-ғарып.

Жұпар жұтып оның сан жұмбағынан,
Ақылымды оятам құндағынан.
Жүрегімді жібітем мезгіліне,
Мәңгіліктің аңқиды мұң бағынан.

Көз қамаған, керімсал көкжиегі,
Шамырқанса, шыңдар бұлт тез киеді.
Такаппар жаратылған биік басын,
Идіреді бір ауыз сөз киелі.

Ал адам-оның үлкен тарауы дүр,
Пешенесі-пенделік, парағы кір.
Ақ пейілдер арманын арға ораса,
Махаббаттың төгеді жанары нұр.

Жылағаны жанының білінбейді,
Жапырақтар жай ғана дірілдейді.
Қара күзден үн күтіп бақыт жайлы,
Қаралы гүл бақтағы күбірлейді

Айналамнан сәт сайын алабұртқан,
Сыр естимін! Сәулесін сана жұтқан.
Мөлдірейді дүние айта алмай,
Жаралғандай ғаламат даналықтан.

Қанатынан құстардың ән естіліп,
Ғұмырдың жанарында әлі ескі үміт.
Далам менің бейуақта күңіренсе,
Көңілім де қалады бәрі ескеріп.

Тағдырынан тағылым үн тараған,
Шаттығыңды ақыным кім тонаған?
Үмітінің жалына жабысады,
Мына өмірге әйтеуір іңкар адам.

Қабағымнан ашылса түн парағы,
Қаламымнан мөлдіреп мұң тамады.
Жаураған жаным желден қымтанады.
Жалған ба, арман ба, кім жылыта алады?

Толқынымен алғандай теңіз демін,
Ақиқат сені неге көп іздедім!?
Құм астынан үн қатты өлеусіреп,
Уақыт қолы өшірген көп іздерім.

Жүрген соң мекен етіп уақыт төрін,
Бусанамын, ал бірде қатып терім.
Ешкім оқып тауыспаған сол кітаптың,
Түсіне алсам бір бетін бақытты едім…

Жақсыбек Қалелбек

Ұқсас жаңалықтар

Абай Құнанбайұлы

Redaktor Site

Заңда мін жоқ

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz