Жетісу облысы Сарқан ауданында көктемгі егіс науқаны қарқынды жүргізілуде. Облыс әкімі Бейбіт Исабаев жұмыс сапары барысында «Ғалым» және «Жұмағали» шаруа қожалықтарының көктемгі дала жұмыстарымен танысты деп хабарлайды Qazyr.kz
«Ғалым» шаруа қожалығында биыл алғаш рет 100 гектар жерге майлы зығыр егілді. Шаруашылық жоғары өнімді «орташа Лирина» сортын таңдаған. Күтілетін өнім — әр гектардан 20–25 центнер, ал май шығымдылығы 50%-дан жоғары болады деп болжануда.
Сондай-ақ Алмалы ауылындағы «Жұмағали» шаруа қожалығы қант қызылшасын өсіруді қолға алды. Биыл бұл дақыл 38 гектарға егілді. Шаруашылық жоғары өнімді «Конвиза Смарт» тұқымын пайдаланып отыр. Заманауи техниканың арқасында бір күнде 30 гектарға дейін жер өңдеуге мүмкіндік бар.
Облыс басшысы аймақта ауыл шаруашылығы шикізатының 65%-ы қайта өңделетінін атап өтті. Қант өндірісіне басымдық берілуде: өткен жылы Сарқан ауданында 3 жаңа сервистік-дайындау орталығы ашылып, 30-ға жуық техника сатып алынды. Ағымдағы жылы тәтті түбір егістігі 3,8 мың гектарға жетпек.
Жалпы, 2025 жылы Жетісу облысының агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға 45 млрд теңге бөлінді. Оның 59%-ы субсидия түрінде қарастырылған.