Жетісу облысында құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған тағы бір ірі жоба жүзеге асты — автоклавты қатайтылған газбетонды блоктар шығаратын заманауи зауыт өз жұмысын бастады деп хабарлайды Qazyr.kz
Бұл — өңірде кірпіштің осы түрін өндіретін алғашқы кәсіпорын болып отыр. Зауыттың жобалық қуаты жылына 150 мың текше метрді құрайды. Жобаға 2,5 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, нәтижесінде 50 жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды.
Облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатовтың айтуынша, жаңа зауыт жергілікті құрылыс саласын сапалы материалдармен қамтамасыз етіп қана қоймай, шетелдік өнімдерге тәуелділікті азайтады. «Жетісу — құрылыс қарқынды жүргізіліп жатқан өңірлердің бірі. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. Ендігі жерде жергілікті өнімнің үлесі артатын болады», — деді ол зауыттың ашылу рәсімінде.
«Талдықорған» индустриялық аймағында орналасқан кәсіпорын — аймақтағы осы бағыттағы алғашқы өндіріс орны. Зауыттың өндірістік директоры Дәурен Нұралының айтуынша, өнім Қытай технологиясы негізінде заманауи жабдықтарда өндіріледі. «Біздің газбетон блоктарымыз қыста жылуды, жазда салқындықты жақсы сақтайды. Көп қабатты және жеке тұрғын үй құрылысына өте қолайлы. Өнімнің негізгі бөлігі Жетісу және көрші Алматы облысында саудаланады», — дейді ол.
Жұмысшыларға барлық жағдай жасалған: тегін жатақхана мен үш мезгіл ыстық ас қарастырылған.
Жалпы, соңғы үш жылда Жетісу облысында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 16,8%-ға өсіп, 347 млрд теңгеге жеткен. Осы кезеңде құны 85 млрд теңгені құрайтын 35 жоба іске асырылды. Алдағы жылдары облыс өнеркәсібі тағы 34 инвестициялық жобаның есебінен кеңеймек.
Жаңа газбетон зауыты Жетісудың құрылыс индустриясының дамуына тың серпін беріп, өңір тұрғындарын сапалы жұмыс орындарымен қамтып отыр.