Жұбан Молдағалиев 1920 жылы Орал облысының Тайпақ ауданында Сайқұдық деген жерде (Қазіргі «Өлеңті» совхозында) туған. Әкесі жастай қайтыс болған ол ана тәрбиесінде өсіп, өз аулында орталау білім алады. Кейін Оралдың ауыл шаруашылық техникумында оқиды. Болашақ ақынның әдебиетке әуестенуімен өлең жазуға жасаған алғашқы талабы да Оралда басталады. Ол әдебиет үйірмелерінің жұмысына белсенді қатысады. 1939 жылы «Комсомол ұрпағы» атты облыстық жастар газетінде оның «Ленин тірі» деген тұңғыш өлеңі жарық көрді.
1940 жылы Жұбан міндетті әскери қызметке шақырылады да, сонда жүріп Ұлы Отан соғысын қарсы алады. Ақынның одан кейінгі шығармашылық өмірі майдан жағдайында өтеді. Оның жас қаламы жауға қарсы ұрыстың ауыртпалық сезімін бастан кеше отырып қаз тұра бастайды. Ақын өзі «Отан үшін», «Майдан ақиқаты», «Жеңіс туы» атты майдан газеттерінде қызмет істеп, өлеңдерін жариялайды.
1949 жылы оның «Жеңіс жырлары» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. Одан бергі дәуірде ақын «Қызыл галстук» (1949), «Нұрлы жол» (1951), «Бастаушымыз партия» (1954), «Жыр туралы жыр» (1957), «Заман тынысы» (1960), «Жесір тағдыры» (1962), «Ғашық көзбен» (1964), «Мен — қазақпын» (1965) тағы басқа кітаптарын жариялады.
Жұбанның алғашқы жинағы «Жеңіс жырлары» 1949 жылы шықты. Жұбан әлі 29-да ғана еді. Жұбан — лирик қана емес, талантты эпик ақын. Оның ойшыл да сыршыл поэмалары қазақ поэзиясының елеулі табыстарына қосылады.
Дереккөз: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ғылыми кітапханасы