Үй үстінде күн салып,
Анам тұр ма деп келем.
Мінген аты бусанып,
Бабам тұр ма деп келем.
Маңдайымнан қақпаған,
Тәтем тұр ма деп келем.
Оқуымды жақтаған,
Көкем тұр ма деп келем.
Көгендеулі қой сауып,
Жеңгем тұр ма деп келем.
Қия тасты жастанып,
Мерген тұр ма деп келем.
Құлақ берген баяғы,
Қартым тұр ма деп келем.
Құрдастардың қабағы,
Жарқын тұр ма деп келем.
Тайыншасын ноқталап,
Інім тұр ма деп келем.
Көзі талған көп қарап,
Күнім тұр ма деп келем.
Жылда көшіп қонатын,
Жұртым тұр ма деп келем.
Өреден ап қашатын
Құртым тұр ма деп келем.
Балық аулап, құс қуған,
Көлім тұр ма деп келем.
Мал қайырып ысқырған,
Дөңім тұр ма деп келем.
Достарымның тұмағын,
Көрер ме екем деп келем.
Келмеді деп хабарың,
Сөгер ме деп келем.
Айтып-айтпай не керек,
Жетсем екен деп келем.
Көңіл күйді ертерек,
Төксем екен деп келем.
Туған жердің сағындым,
Топырағын, аспанын.
Машинаңның неғұрлым,
Ең тезіне бас жаным!