Qazyr.kz
БілімМәдениет

Жұмекен Нәжімеденов

Гүл секілді шешек жарған жаңадан
әсерлі-ақ ед,
адам деуші ек жаны адал.
Бір күні өсек, қаңқу сөздер қаулады, ал –
өсекші айтты:
әлгі сұлу ауладан
шықты деді егіз бала көтеріп
дәл өзінен аумаған.
Таң қалысты сенгіш, аңқау-әңгі көп,
«қай уақытта»,
«қалай болып» қалды деп.
Тек, қыз бейқам.
Көзге іліккен адамға аса обал, ә –
күйеу қайда?
Қызда күйеу бола ма?
Көрініп ед беті теңбіл, белі тоқ…
Ойбай, десті ел, бәлесі бар, жолама.
Сырттай сүйіп атағанмен жорта атын
кезіккенде – мінезінен қорқатын,
зиялы елдің жігіттері менмен кіл
«бәлесінен» қорқатұғын болды енді.
Өсекші айтты – тағы сендік біз бастап –
екі бала – үшеу болды бір күні,
бұрынғыдай қайқимайды кірпігі,
көрдіңдер ме, қарамайды қыз да асқақ –
десті, десті, десті жұрт…
Алғашқы екеу қалған шақта ес біліп,
ұмытылғанда алғашқы өсек ескіріп,
балалардың бойы ғана емес,
саны өсіп,
бесеу бопты деген хабар естідік.
Тозды десті ел қыздың сұлу беті ептеп;
бір баланы көтеріп,
бір баланы жетектеп,
кіріп-шығып жүред десті
сол баяғы ауладан
бес баламен дәл өзінен аумаған.
Баласы жоқ бірер әйел қызғанды,
бірер әйел аяп жүрді қызды әлгі,
өйткені олар бағалаушы ед шындықты:
– Бес бала, рас, өз баласы емес қой,
жасырын сыр бар ғой, десті, сұмдық бір!
Ал, көпшілік білмейтұғын ештеңе –
кешірімшіл де,
кеще де
құр қаңқуға сенетұғын;
сыздасаң
сызда, жүрек, өмірде де өнерде
өтірікке, жамандыққа сенерде
дәлел талап етіп едік біз қашан?
Ұғымдар мен түсінік,
Машиналар мүйіздескен бұ кезде
тез өлу де кетті айналып мінезге, –
біздің кездің мінезі осы,
кезде осы
өлді қыздың апасы мен жездесі:
кімге телміртіп қояды жетімін, –
алды асырап апасының екі ұлын.
Қыз – азамат,
пейілі бар көл-көсір,
тағдыр соған есеп еткен секілді –
қаза тапты ағасы мен жеңгесі.
Бейбіт күннің қайғысы ауыр,
басыңа, дос, бермесін:
«тағдыр үкім оқыған соң»
тілеп кім
сол үкімді өзгерте алған –
тағы біреу кетті өліп
талмасынан жүректің.
Қыз – қарындас болатұғын біріне,
біреуіне балдыз-ды:
Бір сәбиді Қостанайдан алғызды,
Гурьевтен алғызды,
Ақтөбеден алғызды.
Алды бәрін,
алды бәрін қыз жинап,
кім алады көп баласы бар қызды!..

Qazyr.kz

Ұқсас жаңалықтар

Жан дос қандай болады?

Redaktor Site

Шоқан Уәлиханов

Redaktor Site

Өлең: Түн самалы

redaktor_qazyr

Пікір жазу

Бұл веб-сайт тәжірибеңізді жақсарту үшін cookie файлдарын пайдаланады. Сізге бұл жақсы деп есептейміз, бірақ қаласаңыз, бас тартуыңызға болады. Қабылдау Толық оқу

Құпиялық және cookie файлдары саясаты