2025 жылы Қазақстанда соңғы бес жылдағы ең көп индустриалдық жоба жүзеге асырылмақ. Биыл елімізде жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жоба іске қосылып, 20,1 мың жаңа жаңа жұмыс орны құрылады. Аталмыш жобалар толық қуатына шыққанда өндіріс көлемі 2,2 трлн теңгеге дейін жетеді деп күтілуде, деп хабарлайды ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі.
Қазақстанда сутегі пероксиді, сұйық шыны, күкірт қышқылы, минералды тыңайтқыштар, полипропилен және сары фосфор өндірісі ұлғайтылады. Бұл жобалар химия саласының дамуына және нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді.
Биыл сэндвич-панельдер, керамикалық кірпіш, құрғақ құрылыс қоспаларын шығаратын жаңа зауыттар іске қосылады. «Qaragandy Power Silicon» және «Ekibastuz FerroAlloys» зауыттары ферроқорытпа өндірісін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
2025-2035 жылдары министрлік металлургия, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларында 9 ірі жобаны жүзеге асырады. Олар жобалық қуатына жеткенде өндірілетін өнім көлемі шамамен 7,3 млрд долларды құрайды.
Аталмыш жобаларға 6 трлн теңге көлемінде инвестиция тартылып, 12 мың жұмыс орны ашылады. Бұл жобалар Президенттің тапсырмасымен әзірленген, олар 25 мың жұмыс орнын ашуды көздейтін 17 ірі жоба тізімінің бір бөлігі. Барлық жобалар жоғары технологиялық кластерлерді құруға бағытталған.
«Автомобиль шығаратын зауыттар, ыстық брикеттелген темір шығаратын зауыттар, мыс балқыту зауыты, аммиак-карбамид кешені, калий тұздарын өндіретін байыту-өндірістік кешен, гидрометаллургия зауыты сияқты маңызды жобалар іске қосылады. Бұл кәсіпорындар машина жасау және автомобиль жасау кәсіпорындары үшін жаңа өнімдер шығаруды қамтамасыз етеді, бұл Қазақстанның өнеркәсіптік әлеуетін айтарлықтай нығайтады», — атап өтті өнеркәсіп және құрылыс министрі.
Жоғарыда аталған тоғыз жобаның екеуі 2025 жылы іске қосылады. Қостанай облысында 1500 жұмыс орнын қамтамасыз ететін KIA автокөліктерін шығаратын зауыт іске қосылады, ол жылына 70 мың автокөлік өндіреді. Алматы қаласындағы Changan, Chery және Haval маркаларының автокөліктерін шығаратын мультибрендті зауыт 3600 жұмыс орнын қамтамасыз етіп, жылына 90 мың көлік шығаруға мүмкіндігі бар.
Индустриалды жобаларды жүзеге асыру үшін Қазақстанда 15 арнайы экономикалық аймақ және 51 индустриалды аймақ жұмыс істейді. 2025 жылы осы аймақтарда 110 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Бүгінде Қазақстанның 8 облысында (Астана, Шымкент, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары) 34 шағын өнеркәсіп аймақтары жұмыс істейді. 2025 жылы 14 облыста шағын өнеркәсіп аймақтарын құру жоспарланып отыр.