Qazyr.kz порталы
БілімРуханият

Сібірдегі керей мемлекеті 2-бөлім

Қазақ та бұхарлықтар да сын сағатта Көшім ханға жәрдемдесе алмады. Тiптi Көшім ханмен одақтас маңғыттар да тiкелей жәрдемдесе алмады. Себебі Ноғай патшасы Исмаил ел билеген уақыттан бастап — ақ маңғыттар Московияның ықпалынан шыға алмай жүрді. Жәрдемдеспек түгiл маңғыттар Көшім ханның жеңілісін шебер пайдаланып атаман — казак Ермактан қашқан Сiбiр түркiлерiнiң басын қосып Тобыл өзені бойында жаңа «Тайбұға» ұлысының негізін қалады.
Icкерде тұрақтаған Ермак жергілікті тұрғындардан ант қабылдап олардан салық жинай бастады. Ал казактар «забирали у вогулов все что находили оставляя несчастный народ в их убогих юртах совершенно обобранными и без всякого продовольствия» дейді деректерде.
Әйтсе де 1584 жылдың тамызында Ермак қаза болады. Десе де Көшiм ханның жеңісті жемісін көре алмады. 1585 жылы Icкер қаласын Қадырғали Жалайыр би мен тайбұғалық Сейд Ахмет (Сейдақ) бастаған қазақ жасағы басып алады. Бұл iс — шараны маңғыттар не қазақ ханы Тәуекел ұйымдастырды ма ол жағын айту қиын. Бiрақ төменде келтірілген екі жайт бiзге 1585 жылғы Iскер қаласының басып алынуы Қазақ хандығы билеушісінің iске асқан ойының дәлелi бола алады. Бiрiншiден маңғыт Ораз Мұхаммед Тайбұға ұлысының иесі болып жарияланған соң тайбұғаның шын ұрпағы Сейд Ахмет басқа жерден одақтас iздеуге мәжбүр болды. Екіншіден Қадырғали Жалайыр бидiң қасында жүрген Тәуекел ханның жиені 11 жасар Ораз Мұхаммед сұлтан Сiбiр ханы болудан үмiттi еді.

Сонымен қатар Московия Сiбiрдi жаулап алу ойынан еш бас тартқан емес. 1585 жылы Сiбiрге И.А.Мансуровтың жасағы аттанса 1586 жылдың басында оған жәрдемге Ф.И.Сукин мен И. Мяснов жасағы аттандырылды. 1586 жылдың жазында орыстар Түмен бекiнiсiн басып алып бiр жылдан кейін Данил Чулков жасағы Iскер қаласынан қашық емес жерде Тобыл бекiнiсiн салдырады.
1588 жылы Қадырғали Жалайыр би Ораз Мұхаммед пен Сейд Ахмет Тобыл бекiнiсiне келгенде оларды орыстар тұзаққа түсiру мақсатында қонаққа шақырып алып сол жерде тұтқынға алады. Тәуекел хан сол кезде Бұхар хандығымен соғысып жатқандықтан сiбiр шаруасына араласуға мүмкіндігі болған жоқ. Сөйтіп қысқа уақыт iшiнде Қазақ хандығының 1585 — 1588 жылдары қол астында болған Сiбiр енді Московия мен Көшiм ханның арасындағы ұрыс даласына айналады. 1590 жылдың жазында Көшiм хан кейбір маңғыт мырзаларымен одақтасып Сiбiрдегi орыс билігіне қарсы ашық қарсылықтар көрсетеді. Алайда сәтсіз аяқталған ашық қарсылықтардан соң Көшiм хан Сiбiрден кетiп амалы жоқтығынан маңғыттар иелiгiнде барып тұрақтайды. 1595 жылы ол Шейх Мамайдың немересі Әулие мырзаның «Авлия мирзин жерiн» жаулап алып сонда ордасын тігеді. Бiрақ та Көшiм ханның әлi де болсын Московияға қарсы бағытталған әскери қимылдарын тоқтатқан жоқ. Әйткенмен оның ордасы Обаған (Обь) өзенінің бойында Маңғыт жұрты мен Сiбiр шекарасының бойында орналасуы мүмкін. 1595 — 1596 жылдары Бұхар ханы Абдулла Көшiмге маңғыттармен жанжалдаспай оларға тиесілі жерлерiн қайтарып беру туралы хат жолдайды. 1598 жылы Көшiм хан шынымен де Обаған мен Ертiс арасында көшіп-қонып жүреді. Осы жерде Көшiмнiң ордасы орыс жасағының шабуылына тап болып амалсыздан маңғыттарға қашып барғанда солардың қолынан қаза болады.

Осылайша Сiбiрдiң орманды аумағы түпкілікті Московияның қолына көшті ал оның орманды дала және далалы өңірлері маңғыт қалмақ пен қазақ билеушілерінің шайқас алаңына айналды. XVI ғасырдың аяғы мен XVII ғасырдың басында қазақтан басқа сол аумақта қалмақ башқұрт тобылдықтар мен барабиндықтар қоныс тепсе Сiбiрдiң Ресейге қосылуынан кейін ондағы көшпелі тайпалар далалы өңірлерге қарай көшiп кетті. 1601 жылы Сiбiрдiң жаңа ханы Тобыл мен Обаған арасында Орда тiккен Әли Арслан болды.
XVII ғасырдың басында Солтүстік Батыс Қазақстанның аумағы қазақ қалмақ пен Ресей арасындағы қантөгіске толы алаңға айналды. Маңғыт жұрты осы кезде саяси дағдарысқа ұшырайды. Шейх Мамайдың ұрпақтары батыс маңғыттармен шайқаста қазақ ханымен одақ жасасады. 1601 жылы маңғыт мырзалары Шаим мен Жан Арстан қазақтармен одақтасып Миасс пен Исет өзендерінің жағасында қыстамаққа бел буады. Уақыт өте келе олар Ресейге қарсы соғысу үшін Әли Арсланмен одақтасуды көздейді.
Әли Арслан 1601 жылы Тобыл мен Обаған аралығында керей жұрты мекен еткен өлкеге өз ордасын тікті. Г. Миллердiң жорамалы бойынша Әли Арслан Шұбаркөлдi мекен еткен. Бiздiң ойымызша әңгіме Алакөл туралы болуы мүмкiн себебі екі атау да орысша аударсақ та «пестеро озеро» деген ұғымды береді. 1605 жылы ол Шортанды көлiнiң жағасына орнықты. 1606 жылы Әли Арслан башқұрт пен маңғыттың мыңдық жасағын басқарып қайтадан Московияға бағынған өлкелерге шабуыл жасауды жоспарлады.
Қазақстанның солтүстігінде қалмақтардың пайда болуы Әли Арсланның әрекетін айтарлықтай қиындата түсті. Қалмақ пен ойрат тайпалары XVI ғасырдың аяғында Ертiс өзеннің жоғарғы жағында көшiп — қонып жүрді ал олардың бiр бөлігі Қазақ ханы Тәуекелге бағынышты болатын. XVII ғасырдың басында қалмақтар бодандықтан құтылудың жолдарын іздейді. Бiрақ 1604 жылы жеңіліп қалады. Сол кезде олардың батысқа қарай көшуі басталады. 1607 -1614 жылдары қалмақтар одақтас ретінде Көшiм ханның ұрпақтарының әскери — саяси шараларынан белсене қатысады.
1607 жылы көктемде Әзiм Есiм Күнсүйер сұлтандар қалмақтармен бiрге Түмен уезі Қыңыр қаласының маңындағы елдерге шабуыл жасады ол кезде Әзiмнiң қонысы Обағанда еді. Сол кезде олардың ағасы Қанай маңғыттың Пен мырзасымен одақ құрып Тобыл болыстарына шабуыл жасайды ал Әли Арсланның өзі Сiбiр мен Башқұртқа жорық жасауды жоспарлады.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан тарихы. Сұрақтар жауабымен

Redaktor Site

Қазақстан тарихы тест

Redaktor Site

Уаң ханның ұрпақтары

Redaktor Site

Пікір жазу

Qazyr.kz