Менің әкем патша болса егерде,
Айналар ем айласы көп шеберге.
Қиялымды іске асырып, бай болып,
Зиянымды тигізер ем көп елге.
Білмейтін ем не екенін қайғының
Сауықпенен өтер еді ай, күнім,
Министр боп, сенатор боп армансыз
Меншіктер ем отанымның байлығын.
Менің ағам патша болса егерде,
Ие болар едім таудай беделге.
Базар салып, дүкен салып, үй салып
Тастар едім жоғары мен төменге.
Генерал да болар едім қаласам
Атақ алып саусақ жетпес санасаң.
Көлік мініп, қатын алып қос-қостан,
Жоқ қылар ем қабақ түйіп қарасам.
Досы әкемнің патша болса егерде,
Әкім болып құмартушы ем жегенге.
Вилла салып, ұшақ алып түр-түрлі,
Шетелде ақшам болушы еді, кемем де.
Салып жұртқа айыппұл мен салықты,
Шалқып өмір сүрер едім қалыпты.
Қызметіме қол жеткізіп таңдаған
Күліп тұрып қанаушы едім халықты.
Қайынатам патша болса егерде,
Айналар ем иілмейтін еменге.
Миллиардтар басар едім қалтама
Жымқыруды айналдырып өнерге.
Аз уақытта көгерер еді көсегем
Көлеңкеде жатып отты көсер ем
Қызмет сатып, байлық сатып, шен сатып,
Тендерлердің ең үлкенін шешер ем.
Патша болса менің алыс туысым,
Сағат сайын толар еді уысым.
Пайдаланып туысымның билігін
Жұртты тонау болар еді жұмысым.
Бір-ақ күнде ұлы адамға айналып,
Бір креслоға отырар ем жайланып.
Әртіс, ақын, әншілер мен бишілер
Мені мақтап жүрер еді майланып.
Бірақ, менің жоқ тағы бар жақыным,
Сондықтан да болып жүрмін мақұрым.
Анда-санда осылайша қиялдап,
Өлең жазып отырамын ақырын.
Жұртпен жылап, көппен бірге күлермін,
Қажеті жоқ сыбайлас пен тіреудің.
Әке-шешем қарапайым зейнеткер,
Ал, өз басым – көп сөйлейтін біреумін.
Достар – адал, туыстарым – ақ көңіл,
Соларменен бақытты өмір сүрермін.
Мен – еліммен бақытты өмір сүрермін.