Тауар айналымы 3,2 трлн, теңге жеткен шетелдік маркетплейстер Қазақстанда заңнамалық, салықтық тіркелуге міндеттеледі
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев шетелдік онлайн-дүкендерді заңмен реттеу бастамасын көтерді. Енді шетелдік маркетплейстер Қазақстан юрисдикциясында тіркелуге міндеттелетін болады.
Үкімет отырысында Сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиев шетелдік маркетплейстерді тіркеу бойынша электрондық платформаны енгізуді ұсынды. Бұдан бөлек, контрафактімен күрес, тұтынушы құқықтарын қорғау, жеке деректерді сақтау және қорғау, салықтық және кедендік ашықтық жөніндегі талаптарды сақтау мақсатында міндетті шарттарды енгізу жоспарланып отыр.
Қазақстан юрисдикциясынан тыс орналасқан шетелдік онлайн-сауда алаңдарына азаматтардың шағымдарының көбеюі байланысты онлайын сауданы заңнамалық реттеу қажеттілігі туып отыр.
«Қазақстандықтар онлайн сатып алуға көбірек ақша жұмсай бастады. 2024 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша азаматтар 3,2 трлн теңге онлайн сауда жасаған», – деді министр.
2029 жылға қарай электрондық сауда көрсеткішін үш есе ұлғайтып оны 9,3 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Бұл саланы жетілдіру үшін Үкімет онлайн-коммерцияны дамыту жоспарын бекітті. Ол электрондық сауда мәселелері бойынша заңнаманы жетілдіруді, еліміздің барлық өңірлерінде электрондық сауда курстарын іске қосуды, кәсіпкерлер үшін электрондық саудада мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын енгізуді көздейді.
Сауда министрлігі мамандары шет елдердің заңнамалық базасын зерттеген. Халықаралық тәжірибеде қолданылатын кешенді тәсілдерді саралаған. Бұл тәсілдер коммерциялық ортаның қауіпсіздігін және ашықтығын қамтамасыз ету үшін платформалар мен тауарларға қатысты кешенді талаптарды енгізуді көздейді. Авторлық құқықты бұзу, сапасыз және қауіпті тауарды сату сияқты мәселелер бойынша салық заңнамасында «қатаң» талаптар енгізілмекші. Импорттаудың кедендік рәсімдерін жеңілдету және фискалдық емес алымдарды оңтайландыру мәселелері қарастырылуда.